
Қазақстанда такси бағасы едәуір қымбаттады. Бір жылда қызмет құны 16,1% өсті. Соған қарамастан, қазақстандықтар такси қызметін бұрынғыдан да жиі пайдалана бастаған.
Кейбір өңірлерде баға бұдан да қатты қымбаттаған. Мәселен, Ақмола облысында тарифтер бірден 45%-ға көтерілген.
Алайда ең қызығы – бағаның өсуіне қарамастан, қазақстандықтар таксиді бұрынғыдан жиірек пайдалана бастаған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында такси қызметі 74,5 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 70%-ға көп.
Азаматтар бағаның өскеніне шағымданғанымен, көлік шақыруын тоқтатпаған.
Мұның бірнеше себебі бар:
Біріншісі – жанармай бағасы. Бір жыл ішінде бензин мен басқа да жанар-жағармай материалдары шамамен 16%-ға қымбаттады. Бұл жүргізушілердің тікелей шығыны болғандықтан, жолақы құнына әсер етеді.
Екінші себеп – көлікті күтіп ұстау шығындарының артуы. Қосалқы бөлшектер, жөндеу жұмыстары, шығын материалдары мен жүргізушілердің еңбекақысы да қымбаттаған.
Сондай-ақ нарықтағы жағдайдың да ықпалы бар. Қазақстанда такси баяғыдай «арзан балама» көлік емес. Көптеген қалаларда такси, әсіресе таңғы және кешкі қарбалас уақыттарда, қолайсыз ауа райы кезінде немесе діттеген жерге тез жету қажет болғанда халық жиі пайдаланатын негізгі көлік түріне айналды.
Сонымен қатар бұл нарықта бәсекелестік деңгейі төмен. Яғни нарықта таңдау аз болған сайын, тарифтердің қымбаттауы жиілей түседі.
«Такси нарығындағы ресми табыстың күрт өсуі қазақстандықтардың көбірек ақша жұмсай бастағанымен ғана байланысты емес. 2025 жылдан бастап такси саласын көлеңкелі айналымнан шығару жұмыстары белсенді жүргізіле бастады. Платформалық жұмыспен қамту аясында жүргізушілерге жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндеттелді. Соның нәтижесінде 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларындағы такси қызметінің ресми кірісі 84,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артты», – деп жазады finprom.kz порталы.
Айта кетейік, Қазақстан бойынша такси компанияларының 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы жиынтық табысы 186,1 млрд теңгені құрады. Бұл қаржының шамамен жартысына жуығы Алматы мен Астанадағы такси қызметінен түскен.