Жаңалықтар

АҚШ-та мешітте атыс болып, бес адам қаза тапты

Фото: Mike Blake/REUTERS

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласындағы мешітте болған атыс болып, бес адам қаза тапты. Оның ішінде екі адам күдікті болуы мүмкін жазады Reuters агенттігі.

Атыс Сан-Диего орталығынан солтүстікке қарай 14 шақырым жерде орналасқан ислам кешені аумағында болған. Мұнда мешіттен бөлек мектеп те бар. Шабуыл кезінде ғимарат ішінде балалар болған, бірақ барлығын эвакуациялап үлгерді, ешкім зардап шеккен жоқ. Атыс болған кезде мектепте араб тілі, исламтану және Құран үйрену курстары өтіп жатқан.

Қалалық полиция бастығы Скотт Уолдың мәлімдеуінше, шабуыл салдарынан үш ер адам қаза тапқан, олардың бірі – орталықтың күзетшісі. Шабуыл жасады деген екі күдіктінің де мәйіті табылды. Алдын ала ақпарат бойынша, олар өз-өзіне қол жұмсаған. Бірнеше адам түрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Уолдың айтуынша, шабуылдаушылар – екі жас жігіт. Қазіргі уақытта олардың кім екені және қылмысқа не себеп болғаны анықталып жатыр. Полиция діни өшпенділік негізінде жасалған қылмыс болуы мүмкін деген нұсқаны қарастырып жатыр.

Өткен айда Түркияда мектепте атыс болып, тоғыз адам қаза тапқанын жазған едік. Алдын-ала мәлімет бойынша, сегізінші сынып оқушысы полиция қызметкері болып істейтін әкесінің тапаншасымен мектепке келіп, атыс шығарған.