
Биыл Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлер қатарына енген Шахмұрат Мүтәліп Forbes.kz басылымына ірі алтын компанияның бірі – «Алтыналмасты» сатып алу келісімінің барысы туралы айтты. Отандық алтын алыбын иеленуге бағытталған көпсатылы мәміленің келісімшарты жасалып, қазір қаржыландыру кезеңіне жеткен.
Десе де мәміле қашан толық жабылатыны белгісіз, кәсіпкердің сөзінше, аталмыш келісім қаржы және заңдық тұрғыдан өте мұқият пысықтауды талап етеді.
«Мұндай ауқымды келісімдер өзінің табиғаты жағынан көпсатылы болып келетіндіктен, оларды қаржылық, заңдық және операциялық құрылым тұрғысынан өте мұқият пысықтау қажет. Аталған компанияны сатып алу жөніндегі келісімшартқа ресми түрде қол қойылып, қаржыландыру процесі жүріп жатыр ал мәміленің толық аяқталу мерзімі әзірге нақтыланған жоқ», – дейді Мүтәліп.
Шахмұрат Мүтәліп «Алтыналмас» компаниясын сатып алатыны наурызда нақты белгілі болған. Сол кезде Мүтәліпке тиесілі Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы «Алтыналмас» АҚ-ның 100% акциясын сатып алу туралы келісімшартқа қол қойған.
«Алтыналмас» – Қазақстандағы алтын өндіру бойынша үздік үштік қатарына кіретін алпауыт кәсіпорын.
Оның кен орындары Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Абай облыстарында орналасқан. Компания 1993 жылы құрылған.
Шахмұрат Мүтәліп Forbes Kazakhstan журналының 2026 жылғы ең бай бизнесмендер рейтингінде 22-орынға көтерілді.