Жаңалықтар

Президент Алтын Орданың тарихи рөлін қайта қарау керек деген тапсырма берді

Тоқаев Алтын Орда туралы
фото: Ақорда

Алтын Орданың тарихын жаңаша пайымдау керек. Астанада өтіп жатқан халықаралық симпозиумда сөз сөйлеген Тоқаев осындай мәлімдеме жасады.

«Қазіргі таңда Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек. Бұл – осы бағыттағы ізденістердің аясын кеңейтуге септігін тигізетін бағдар ғана. Жошы Ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрі, тиімді басқару институттары мен дамыған экономикасы болды. Осы алып өркениеттің қыр-сырын толық ашу маңызды», – деді ол.

Президент Қазақстанда Жошы Ұлысын зерделеу институты құрылғанын атап өтті. Ғылым ордасына «осы тақырыпты терең зерттеумен айналысатын тұңғыш ғылыми мекеме» деген баға берді. Одан бөлек Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналғанын да атап өтті.

«Жошы Ұлысының мол тарихи-мәдени мұрасын жұрт жадында жаңғырту үшін фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып жатыр. Сондай-ақ спектакльдер де қойылып, ескерткіштер орнатылып, көрмелер өткізілуде. Алайда Алтын Орданың мән-маңызын терең зерделеп, оның тарихи рөлін жан-жақты насихаттау үшін мүлде жаңа, яғни, халықаралық ауқымдағы жұмыс істелуі қажет», – деді мемлекет басшысы

Бүгін Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр.  Жиын ашылуында сөз сөйлеген Тоқаев қазір тарихшылардың миссиясы өте маңызды деп тоқталып, Алтын Орда дәуірін өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастыру керек деген тапсырма жүктеді.