Жаңалықтар

Қазақстан Солтүстік Африка елдеріне полипропилен жеткізе бастады

Қазақстан Африкаға полипропилен жеткізеді / Фото: ҚМГ баспасөз қызметі

2026 жылдың наурыз айында Атырау облысындағы «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) газ-химия зауыты Солтүстік Африка елдеріне 198 тонна полипропилен жөнелткен. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасеновтың зауытқа сапары барысында белгілі болды.

Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша зауыт 131 мың тонна полипропилен өндіріп, өнім сатылымын 9%-ға арттырды.

Еуропа нарығына экспорт 235%-ға өсіп, 62,3 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар ішкі нарықта да сұраныс 23%-ға өсіп, 14,4 мың тоннаға жетті. Зауыттан өнім сатып алатын отандық кәсіпорындар саны 157-ден 171-ге көбейген.

Қазір кәсіпорын жұмысты тоқтатпай, тұрақты жүргізу үшін қажетті бөлшектер қорын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ зауыт жабдықтарының күйін бақылау үшін жасанды интеллект негізіндегі арнайы талдау жүйесі енгізіледі. Алдағы уақытта өндірісті тиімді басқару мақсатында Meridium APM бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр.

Полипропилен зауыты 2022 жылдың қарашасында ресми түрде іске қосылды. Бірақ 2025 жылға дейін толық қуатына жете алған жоқ. Мысалы, «Ақ Жайық» басылымының жазуында 2024 жылы зауыт жұмысы 28 рет тоқтаған.

KPI компаниясының қазіргі иелері:

  • «ҚазМұнайГаз» – 49,5%,
  • «Сибур Холдинг» – 40%,
  • Samruk-Kazyna Ondeu – 9,5%,
  • «Алмэкс Плюс» – 1%.

Бұл жоба — Теңіз кен орнынан шыққан шикізатты өңдеуге арналған Қазақстандағы алғашқы ауқымды бастама.