
Qingdao Wanlin қытай компаниясы Түркістан қаласында ірі аквапарк құрылысын жүргізе бастады. Ол Орталық Азиядағы ең үлкен демалыс кешеніне айналады.
12 гектар жерге орналасатын кешен аумағында су аттракциондары бар аквапарк, кемпинг форматындағы қонақ үй, қабылдау орталығы мен банкет залы салынады.
«Аквапарктың басты ерекшелігі – жыл мезгіліне бейімделетін инфрақұрылым. Жаз айларында су айдыны ретінде пайдаланылатын аумақ қыс мезгілінде картинг алаңына айналады», – деп таратты облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Осылайша нысан жыл бойы тұрғындарға қызмет көрсетеді. Мұнда биік сырғанақтар, торнадо үлгісіндегі аттракциондар, аква-қамал, кемпірқосақ сырғанағы және балаларға арналған интерактивті ойын аймақтары орналасады.
Ауқымды жобаны Qingdao Wanlin қытай компаниясы жыл басында ұсынған. 2026 жылғы қаңтардың аяғында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров компания басшысы Яньтао Лимен тағы да кездесіп, кешенді іске асыру жоспарын талқылаған. Сол кезде қытай топ-менеджері «инвесторларға қолайлы мүмкіндік жасаған» облыс әкімдігіне алғыс айтқан.
Айта кетейік, Түркістан облысы инвестиция көлемі бойынша республикада үшінші орынға көтерілді.