
20 жастағы студент Жәңгір Нұрланұлы 7 мамыр күні кешке достарымен бірге футбол матчын көруге достарымен пәтерге барған.
Instagram-дағы taldykorganec_kolesa паблигінің жазуынша, пәтерде шамамен 10 шақты адам болған, олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да бар. Жас жігіттердің арасында жанжал шыққан көрінеді. Сөзге келгеннен кейін олар сыртқа шығып, кейінірек қайта кездескен.
Марқұмның анасы мектеп оқушысы Жәңгірді қайта шақырып алып, оған алты жерден пышақ сұққанын айтып отыр. Алған жарақаттарынан Жәңгір көз жұмды. Марқұмның отбасы тергеудің әділ жүргізілуін және кінәлінің жазалануын талап етіп отыр.
Жетісу облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
«Мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты әрі объективті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Жетісу облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысы Талғар ауданында әкесінің басына барып, құран оқып келе жатқан 24 жастағы жігітті пышақтап өлтіріп кеткен.