Жаңалықтар

Тоқаев: Көшпелі халықты жабайы деп көрсеткен көзқарас қайта қаралып жатыр

Тоқаев Алтын Орда туралы
фото: Ақорда

Бүгін Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр. Жиынның ашылуында Тоқаев сөз сөйлеп, қазақ даласындағы тарихтың қайта жазылуына қатысты ойын айтты.

«Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бей-берекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империяларын «мемлекет деңгейіне жете алмаған» деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті. Бұл ретте біз шынайы тарихнаманы қалпына келтіре отырып, өткенді әсірелеуден аулақпыз», – деді ол шарада.

Президенттің пайымынша, дәл қазірге кезеңде тарихшылардың миссиясы өте маңызды. Олар «саясаткерлер қамал тұрғызатын жерде көпір салуға қабілетті» деп есептейді мемлекет басшысы.

«Ұлы дала тарихындағы шайқастар мен ұрыстар бұрмаланып көрсетілген»

Тоқаев сөзінде Алтын Орда дәуірін отандық тарихымыздың маңызды бөлігі әрі ол кезеңді ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастыру керек деп атап өтті. Бірақ Ұлы дала тарихындағы шексіз шайқастар мен ұрыстарды бұрмаланып көрсететін жағдайлар болғанын да тілге тиек етті

«Мұндай сыңаржақ ұстаным Ұлы даланың, әсіресе, Алтын Орданың күрделі, көп қатпарлы өмір салтын әскери шежірелердің ойдан шығарылған өлшемдеріне салып, тарихи шындықтан алыстатады, оқиғаларды көмескілендіре түседі. Қазіргі ғылымның жоғары пәнаралық даму деңгейі Алтын Орда тарихын объективті зерттеу үдерістерін жетілдіруге мүмкіндік береді деп санаймын», – дейді президент.

Мемлекет басшысы сөзінде Алтын Орданың тарихи құндылығына ерекше тоқталып, оның рөлі қайта қаралуы керек деген тапсырма берді.