Жаңалықтар

Түркістан облысында Сырдария өзенінің үстінен теміржол көпірі салынып жатыр

фото: rail-news.kz
фото: rail-news.kz

Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісін салу жобасы аясында Сырдария өзені үстінен өтетін көпір құрылысының дайындық жұмыстары басталды.

ҚТЖ ақпаратынша, көпірдің ұзындығы 500 метр болады. Қазіргі уақытта құрылыс алаңын дайындау және техникаларды жұмылдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ұзындығы 152 шақырым болатын жаңа теміржол тармағының құрылысы Ердәуіт станциясынан Сырдария жайылмасына дейінгі учаскеде жүріп жатыр. Бүгінге дейін 6 миллион текше метрден астам жер төсемі төселген. Бұл – жалпы көлемнің 50 пайызы.

Жоба аясында жалпы саны 35 көпір мен 135 құбыр салу жоспарланған. Арыс станциясында 105 шақырым рельс-шпал торы құрастырылып, төсеуге дайындалған.

Құрылыс жұмыстарына 600-ден астам адам мен 300 бірлік техника тартылған.

Жаңа теміржол желісі Сарыағаш – Ташкент бағыты мен шекарадағы Сарыағаш станциясының жүктемесін азайтып, Орталық Азия елдері бағытына экспорттық тасымалды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

ҚТЖ болжамынша, жаңа желі Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.

Теміржол байланысы Мақтаарал және Жетісай аудандарын магистральдық желімен тікелей байланыстырып, көрші мемлекет аумағы арқылы өтетін транзитті болдырмайды.

Құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Қытай – Орталық Азия теміржол жүк тасымалы жүйесі аясында жаңа бағыт ресми түрде іске қосылды.