
Премьер-министр Олжас Бектенов маусым айының соңына дейін аэротаксиге қатысты заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды.
Ол Көлік министрлігі нарық пен технологияларды белсенді түрде талдап, қажетті инфрақұрылым, сервис пен техниканы тұрақты жаңартып отыруы керек екенін атап өтті.
Премьер-министрдің айтуынша, Еуропадағы EASA және АҚШ-тағы FAA реттеуші органдары коммерциялық аэротаксилерді сертификаттау ережелерін әзірлеп қойған. Сондықтан Қазақстан да бұл бағыттағы жұмысты қолға алуы қажет.
«Біз де аэротакси, дрондар және өзге де жаңа ұшу құрылғыларын іске қосуға дайын болуымыз керек. Көлік министрлігіне биылғы маусым айының соңына дейін қалалық әуе мобиль мәселелері бойынша қажетті заңнамалық түзетулерді қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Азаматтық авиацияны дамытудың жаңа жоспары әзірленеді
Сонымен қатар Үкімет басшысы жыл соңына дейін азаматтық авиацияны 2050 жылға дейін дамытуға арналған мастер-жоспарды (САМР-2050) бекіту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Көлік министрлігі бұл құжатқа шағын және өңірлік авиацияны, ұшқышсыз әуе көлігін дамыту, сондай-ақ баламалы отынды пайдалану мен сақтаудың озық технологияларын енгізу бағыттарын енгізуі тиіс.
Өңірлерде жаңа әуежайлар іске қосылады
Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Павлодар облыстарының әкімдіктеріне биыл белгіленген мерзімде Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі және Арқалықтағы әуежайларды пайдалануға беруді, сондай-ақ Павлодар әуежайын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
«Жалпы, Көлік министрлігі авиакомпаниялармен және әуежай қызметтерімен бірлесіп, жолаушылар ағынының артуына байланысты қызмет көрсету сапасын, жайлылық пен жеделдікті қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс жүргізуі қажет», – деп түйіндеді Олжас Бектенов.
Еске салсақ, осыған дейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы мен Алатау қаласының арасында сағатына 350 км жылдамдықпен аэротакси ұшатынын айтқан еді.