Жаңалықтар

Қазақстандықтар шетелде тұрса да зейнетақы алуға құқылы – Конституциялық Сот

Фото: kursiv.media архиві

Шетелде тұратын қазақстандықтарға зейнетақы төлеуден бас тарту заңға қайшы деп танылды. Конституциялық Сот осындай шешім шығарды.

Конституциялық сот Әлеуметтік кодекс пен зейнетақы беру тәртібін тексеру кезінде осындай қорытындыға келді. Іс азаматтардың елден тыс жерде тұрған кезде зейнетақы алу құқығына қатысты өтініш негізінде қаралған.

Талқылауға шетелде тұрақты тұратын қазақстандық әйелдің шағымы себеп болған. Ол тек елден тыс жерде өмір сүретіні үшін зейнетақы тағайындаудан бас тартуды әділетсіз деп санаған. Өтініш иесінің пікірінше, мұндай талап азаматтардың конституциялық құқығын шектейді.

Конституциялық сот зейнетақы алу құқығы адамның қай жерде тұратынына емес, оның зейнет жасына жетуіне және қажетті талаптарды орындауына байланысты екенін атап өтті.

«Егер Қазақстан азаматы еңбек етіп, еңбек өтілін жинап, қажетті аударымдарды төлеп, кейін шетелге тұрақты тұруға көшсе, онда тек көшу фактісі зейнетақы тағайындаудан бас тартуға себеп болмауы тиіс», – деп түсіндірді Конституциялық сот.

Сонымен қатар сот шетелде тұру зейнетақы төлеу тәртібіне әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Алайда бұл азаматтың зейнетақы алу құқығынан айырылуына себеп болмауы тиіс.

Десе де, қазіргі заңнамада Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұратын азаматтарға зейнетақы төлеудің толыққанды тетігі әлі нақты реттелмеген. Осыған байланысты сот бұл мәселеде нақты тәртіп толық реттелмегенін айтып, қолданыстағы ережелерді жетілдіру қажет екенін мәлімдеді.

Еске салайық, үкімет зейнетақы шотында қалуы тиіс қаржы шегін көтереді. Алайда жеткілікті шек нақты қаншаға артатыны әлі белгісіз.