
Қазақстанда ауыр жүк көліктерінің қала ішіне кіруіне бақылау күшейтіледі. Егер жүк көлігі автоматтандырылған өлшеу жүйесінен өтпесе, оған бірден айыппұл салынып, көлік айып тұрағына қойылады. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметтегі брифинг кезінде мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, ауыр жүк көліктері елді мекендердің ішінде жүрмеуі тиіс.
«Осы мақсатта біз шамамен 220 автоматтандырылған өлшеу жүйесін сатып алып жатырмыз. Бір осіне түсетін салмағы 8 тоннадан асатын көліктер қалаға кірмеуі керек. Астананың айналасында автоматтандырылған бақылау жүйелерінің желісін құрып жатырмыз. Сонымен қатар «Сергек» камералары жүк көлігінің нөмірін анықтап, оның автоматтандырылған өлшеу жүйесінен өткен-өтпегенін тексереді. Егер өтпесе, бірден айыппұл салынып, көлік айып тұрағына қойылады. Себебі мұндай көліктер жолдарды бүлдіреді. Қала ішіндегі жолдар ауыр жүк көліктерінің жүруіне арналмаған», – деді Сауранбаев.
Сондай-ақ министр бұл жүйенің еліміздің басқа өңірлерінде де енгізіле ме деген сұраққа жауап берді.
«Бұл – әлемдік тәжірибе. Ауыр жүк көліктері тек қалаларға ғана емес, жалпыға ортақ жолдарға да шықпауы керек. (…) Ауыр жүк көліктерінің жүруіне қатаң түрде тосқауыл қойылады. Премьер-министрдің тиісті тапсырмасы бар, пилоттық жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Қазір жүйелерді орнатып жатырмыз. Оларды қалалардағы бейнебақылау жүйелерімен байланыстыру қиын емес», – деп қосты министр.
Еске салайық, Астанада ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейді. Рейдтік іс-шараларды Көлік министрлігі, қалалық полиция департаменті және әкімдік бірлесіп жүргізіп жатыр.