
Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) өмірлік түрме жазасына кесілген қазақ азаматы Ернұр Алмаханға нақты қандай ауыр айыптар тағылғаны мәлім болды. Оған Дубай соты биыл наурызда үкім шығарған.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев 20 мамырда Астанада өткен брифингте шетелде сотталған Алмаханның ісіне қатысты тың мәлімет берді.
«Әмірлік тарапының мәліметінше, 2025 жылы БАӘ-нің құзырлы органдары қозғаған қылмыстық істегі айыпталушылар арасында осы азамат та бар. Аталған қылмыстық іске адам ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сонымен бірге адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу сияқты ауыр қылмыстыр жатады», – деді СІМ өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, 22 жастағы Ернұр Алмаханға қатысты үкімді биыл 18 наурызда Дубай қаласының бірінші сатыдағы соты шығарған. Сот Қазақстан азаматын қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Бұған қоса, сотталушы 300 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.
СІМ дерегінше, осы іс бойынша апелляциялық шағым берілген. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Мәселе сыртқы істер министрлігінің, Әмірліктегі елшіліктің жеке бақылауында.