
Лондондық «Арсенал» 22 жылдық үзілістен кейін Англия чемпионы атанды. Команда бұл титулға мерзімінен бұрын қол жеткізді. Оған басты бәсекелес «Манчестер Сити» мен «Борнмут» арасындағы кездесудің 1:1 есебімен тең аяқталуы себеп болды.
Бұған дейін Микель Артета жаттықтыратын лондондық клуб Премьер-лигада үш жыл қатарынан екінші орын алып келген еді. Оның екеуінде «Манчестер Ситиге», ал өткен маусымда «Ливерпульге» жол берді.
Шешуші сәт
Осы маусымда «Арсенал» турнирлік кестенің көш басында ұзақ уақыт бойы сенімді келе жатты, бірақ сәуір айында «Манчестер Ситиден» 2:1 есебімен жеңіліп, чемпиондықтан айырылып қала жаздады.
«Әлі ештеңе шешілген жоқ», – деп жазған еді сол кезде әлеуметтік желіде «Арсеналдың» капитаны Деклан Райс.
Ал сейсенбі күні «Сити» ұпай жоғалтқан сәтте, ол клуб ойыншыларының жеңісті тойлап жатқан суретін жүктеп, астына «Бәрі шешілді» деп қысқа қайырды.
«Манчестер Ситидің» сүрінуі
Сейсенбі күні кешке өткен «Манчестер Сити» мен «Борнмут» матчындағы 1:1 есебі «Арсеналға» чемпионаттың аяқталуына бір тур қалғанда бас жүлдені уысына түсіруге мүмкіндік берді.
Енді соңғы ойын «Арсенал» үшін ештеңені өзгертпейді, жексенбі күні көптен күткен кубокты көкке көтереді.
Тарихи жетістік: 14-ші титул
Бұл чемпиондық титул клуб тарихындағы он төртінші жүлде болды.
«Арсенал» соңғы рет Премьер-лиганы 2003/04 жылғы маусымда жеңіп алған еді. Ол кезде аңызға айналған бапкер Арсен Венгердің шәкірттері бірде-бір рет жеңілмей (26 жеңіс, 12 тең ойын), чемпионатты «жеңілмейтіндер» (the invincibles) деген атпен аяқтаған еді.
«Манчестер Сити» мен «Борнмут» матчының нәтижесін күткен мыңдаған «Арсенал» жанкүйерлері «Эмирейтс» стадионының маңына жиналды.

Команда чемпиондық кубокты жексенбі күнгі маусымның соңғы ойынынан кейін ғана алатынына қарамастан, қала көшелерінде от шашуын атып үлгерді. Жанкүйерлер тарихи жеңісті стадион маңында да, жергілікті пабтарда тойлап жатыр.
Айта кетейік, лондондық «Арсенал» бұған қоса биылғы маусымда Чемпиондар лигасының финалына шықты. 30 мамыр күні Арсенал мен ПСЖ өзара мықтыны анықтайды.