Жаңалықтар

Астана 2027 жылы бокстан әлем чемпионатын қабылдайды

фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек хабарлады.

Осындай айтулы шараның жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету үшін Астана қаласының әкімі World Boxing ұйымының президенті, шаршы алаңның аңызы Геннадий Головкинмен, ұйымның бас хатшысы Том Диленмен және өзге де халықаралық өкілдермен кездесті.

Кездесу барысында Әлем чемпионатына дайындық жұмыстарының кестесі, Астанадағы спорттық инфрақұрылымының дайындығы талқыланды. Әкімнің айтуынша, Астананың логистикалық мүмкіндіктері мен заманауи спорт кешендері кез келген деңгейдегі турнирді абыроймен өткізуге толық қауқарлы.

2027 жылғы әлем чемпионаты қазақстандық бокс мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте әлемге паш ететін бірегей мүмкіндік. Бұл турнир жас буынның спортқа деген ынтасын арттырып, елімізден жаңа чемпиондардың шығуына даңғыл жол ашпақ.

Ұйымдастырушылар тарапы бұл чемпионатты ең жоғары халықаралық стандарттарға сай өткізу үшін бар күш-жігерін салатынын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, соңғы рет бокстан әлем чемпионаты Ливерпульде өткен еді. Қазақстан боксшылары әлемдік додада жеті бірдей алтын алып, бірінші орын алған еді.