Жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі эболаға қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Эболамен ауырған науқасты алып бара жатыр/ фото: Reuters

Шетелге шығатын кез келген қазақстандық турист міндетті түрде сол елдегі эпидемиологиялық жағдаймен алдын ала танысып алғаны жөн. Денсаулық сақтау министрлігі эбола індетінің тарауына байланысты осындай ескерту жасады.

«Эбола вирусы жұқтырған адаммен немесе жануарлармен тығыз байланыс кезінде, олардың биологиялық сұйықтықтары арқылы беріледі. Сондықтан жеке бас гигиенасын сақтау, сапар кезінде сақтық шараларын ұстану және дер кезінде медициналық көмекке жүгіну аса маңызды», – деп сақтандырады ведомство мамандары.

Ал шетелден оралғаннан кейін денсаулығын бақылауда ұстау керек. Егер індеттің қандай да бір белгілері пайда болса, дереу дәрігерге қаралып, сапарға шыққанын ескертуі керек. Эболадан өз бетінше емделуге болмайды.

фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Атап өтейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасында және Угандада тіркелген Эбола қызбасының өршуіне байланысты халықаралық маңызы бар төтенше жағдай жариялады. Аурудың таралуына Эбола вирусының сирек түрі Bundibugyo штаммы себеп болып отыр. Қазір бұл штаммға қарсы арнайы вакцина да, нақты емі де жоқ.

Reuters агенттігінің жазуынша, Конго Демократиялық Республикасының шығысында бір тәулік ішінде Эбола вирусынан 26 адам көз жұмды. Осылайша, елдің шығыс бөлігінде індеттен қайтыс болғандар саны 131-ге жетті.

Конгоның денсаулық сақтау органдары берген мәліметке сәйкес, қазір ауру жұқтырды деген күдікке ілінген 543 жағдай тіркелген, оның 33-і ресми түрде расталды. Көршілес Уганда елінде де вирустың расталған екі жағдайы анықталды.

Сарапшыларды індеттің қарулы қақтығыстар толастамай тұрған, халық тығыз қоныстанған аймақтарда бірнеше апта бойы білінбей таралып кеткені қатты алаңдатып отыр. Осыған дейін, 2018-2020 жылдары Конгоның шығысында болған Эбола індеті тарихтағы ең жойқын екінші оқиға ретінде тіркеліп, 2300-ге жуық адамның өмірін қиған.