
Hyundai Motor компаниясы АҚШ-та 54,3 мың Elantra Hybrid седанын кері қайтаратынын жариялады. Бұған гибридті жүйені басқару блогындағы ақау себеп болған. Аталған блок қатты қызып кетіп, тіпті өрттің шығуына әкеп соғуы мүмкін екені анықталды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл мәселе 2024-2026 жылдары шыққан автокөліктерге қатысты болып отыр.
АҚШ-тың жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық басқармасы (NHTSA) мәселенің мән-жайын түсіндірді. Электрлік жүктеме жоғары болған кезде басқару блогы қатты қызып кетеді. Осының салдарынан көлік мүлдем оталмай қалуы немесе қуатты шектейтін апаттық режимге ауысуы ықтимал. Сонымен қатар кейбір жағдайларда ішкі компоненттер зақымданып, өрт қаупі туындайды. Ақауды жою үшін дилерлер автокөліктердің бағдарламалық жасақтамасын тегін жаңартып беруді міндетіне алып отыр.
Соңғы уақытта гибридтер мен электромобильдерге деген сұраныстың күрт артуы фонында мұндай сервистік науқандар жиілеп кетті. Ең қызығы, мұндай техникалық қиындықтар нарыққа жаңадан қосылған қытайлық брендтерде ғана емес, әлемдік деңгейдегі ең ірі әрі танымал автоөндірушілерде де жиі кездесе бастады.
АҚШ-та бұған дейін, Hyundai Palisade көліктерінен ақау шыққан еді.