
Мәжіліс кулуарында депутат Асхат Аймағамбетов қоғамда жыл сайын қызу талқыланатын «мұғалімдерге сыйлық беру» мәселесіне қатысты пікір білдірді. Депутат мектептердегі сыйлық жинау үрдісін заң тұрғысынан және адами құндылықтар тұрғысынан жіктеп берді.
Мәжбүрлі сыйлық жинау – заңға қайшы
Депутаттың айтуынша, мектеп қабырғасында мұғалімдерге міндетті түрде сыйлық беру немесе ақша жинау талап етілсе, бұл – тікелей заң бұзушылық болып саналады.
«Егер бір мұғалімге сыйлықты «міндетті түрде берейік, жинайық» деп мәжбүрлейтін болса, бұл – заңға қайшы. Мәселе бойынша министрліктің, кезінде тіпті мен де қол қойған арнайы бұйрығы бар. Мұғалімдерге балаларды, ата-аналарды міндеттеп сыйлық жинауға болмайды», – деп ескертті Аймағамбетов.
Оның үстіне, мұндай бастамалар әдетте мұғалімдердің тарапынан емес, ата-аналардың ішіндегі чаттардағы белсенділерден шығатынын айтты. Бұл жағдай басқа ата-аналарға ыңғайсыздық тудырып, «бермесем, балама көзқарас өзгере ме?» деген қорқыныш ұялататынын жасырмады.
«Пәтер не машина беріп жатқан жоқ қой»
Сонымен қатар, депутат қоғамда мәселені тым үлкен проблемаға айналдырудың қажеті шамалы екенін алға тартты. Ол ата-аналар мен оқушылардың өз еркімен, шын жүректен білдірген ризашылығын қолдау керектігін айтты.
«Соншама алып бара жатқан, мұғалімдерге үлкен мәшине мінгізіп, әлде пәтер беріп жатқан қатты сыйлықтарды мен көріп отырған жоқпын. Сондықтан онда тұрған ештеңе жоқ», – деді депутат.
Аймағамбетов мемлекет жеке азаматтар мен мұғалімдер арасындағы қарапайым адами қарым-қатынасқа араласа бергені дұрыс емес деп есептейді.
Символикалық сыйлық пен құрмет
Егер ата-аналар немесе оқушылар мереке күндері (мысалы, 1 қыркүйек немесе Түлектер кеші) мұғалімге алғысын білдіргісі келсе, оның ешқандай айыбы жоқ. Гүл шоқтарын ұсыну, символикалық сыйлық беруге болады.
«Мұғалімдерді құрметтеу, мұғалімдердің еңбегін түсіну, жай ғана оларға күлімдеп қарап, рахмет айту, гүл беруден мен ешқандай заң бұзушылық көріп тұрған жоқпын», – деп қорытындылады сөзін Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді мәжбүрлеп жиындарға қатыстыруға жаза қарастырылғанын да айтқан еді.