
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым президент міндетін атқара алмай қалған жағдайда билік транзиті қалай жүзеге асатынын түсіндірді.
Оның айтуынша, Конституцияға сәйкес президенттің өкілетін уақытша атқаруға үш лауазымды тұлға үміткер бола алады: вице-президент, Құрылтай төрағасы және Үкімет төрағасы. Егер кезек бойынша бірінші тұрған тұлға қызметтен бас тартса немесе міндетті атқара алмайтынын мәлімдесе, өкілет келесі адамға ұсынылады.
«Мәселен, вице-президент «менің қолымнан келмейді» десе, Құрылтай төрағасына ұсынылады. Егер ол да қандай да бір себеппен бас тартса, онда Үкімет төрағасына өтеді», – деді депутат.
Айдос Сарымның сөзінше, президент міндетін атқарушы тұлға формалды түрде тағайындалады және оның негізгі миссиясы – билік тұрақтылығын сақтау мен сайлаудың заңды өтуін қамтамасыз ету.
«Жеті күн ішінде мәселе толық шешілуі керек. Осы уақыттан кейін ол өзінің бұрынғы қызметінен кетеді және екі айдың ішінде сайлау өткізуге міндетті. Яғни оның басты міндеті – сайлаудың дұрыс, заңды және бәсекелі өтуіне кепіл болу», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайда формалды және бейресми консультациялар да қатар жүреді.
Жаңа Конституция бойынша, елде вице-президент қызметі қайта енгізілді. Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, вице-президент кім болатынын президент шешеді әрі ол шешім жаңа Құрылтай жасақталғаннан кейін қабылданады.