Жаңалықтар

Қандай мамандық иелеріне 2 млн теңгеге дейін жалақы ұсынылады

Қандай мамандық иелері 2 млн теңгеге дейін жалақы алады

Ең жоғары еңбекақы ұсынылатын вакансиялардың қатарына ұшқыш, бағдарламалық қамтамасыз ету сәулетшісі және жабдықтарды сынау жөніндегі басшы мамандықтары кірді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Жоғары жалақы ұсынатын мамандықтар

Нақтырақ айтсақ, сәуірде ұшқыш мамандығы бірден екі көрсеткіш бойынша көш бастады. Жұмыс берушілер шамамен 1,9 млн теңге көлемінде еңбекақы ұсынса, жұмыс іздеушілердің күткен жалақысы 3,9 млн теңгені құрады.

Оқи отырыңыз: Авиация саласына маман жетіспейді: ұшқыш атанып 5 млн теңге жалақы алғыңыз келе ме

Жоғары еңбекақы ұсынылған басқа да вакансиялардың қатарында бағдарламалық қамтамасыз ету сәулетшісі (≈1,7 млн теңге) және жабдықтарды сынау жөніндегі басшы (≈1,6 млн теңге) бар.

Ал жоғары жалақы күтетін үміткерлер арасында бортсеріктер (≈2,1 млн теңге) мен жақ-бет хирургі мамандары (≈2 млн теңге) ерекшеленді.

Еңбек биржасындағы ахуал

Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 104,7 мың бос жұмыс орнын жариялады, ал жұмыс іздеушілер тарапынан 123,3 мың түйіндеме орналастырылды. Наурыздағы көрсеткішпен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 2,1%-ға өссе, түйіндеме саны 15,1%-ға артқан.

Өңірлер бойынша ең көп бос жұмыс орындары Астана қаласы (8,5 мың), Павлодар облысы (7,2 мың), Алматы қаласы (6,7 мың), Ақмола облысы (6,6 мың) және Қарағанды облысында (6,4 мың) орналастырылды.

Білім мен білік

Біліктілік деңгейі бойынша сұраныстың көп бөлігі орта білікті мамандарға тиесілі, яғни барлық вакансиялардың шамамен 46%-ы аталған санатқа сай.

Жоғары білікті мамандарға сұраныс 27%-ды құраса, төмен білікті кадрлар да вакансиялардың 27%-ын құрайды.

Жұмыс іздеушілер арасында 35 жасқа дейінгі үміткерлер басым, яғни барлық түйіндеменің 39%-ын құрайды. 35–44 жас аралығындағы үміткерлердің үлесі – 28%, 45–54 жас аралығы – 20%, ал 55 жастан асқандар – 13%.

Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері платформада 409 мың бос жұмыс орны және 517,7 мың түйіндеме жарияланған.