
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кения президенті Уильям Руто ресми кездесу өткізіп, артынан БАҚ өкілдеріне арналған брифинг берді. Екі тарап Қазақстан-Кения арасында тікелей рейс ашу, ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдау мәселелері бойынша мазмұнды келіссөздер жүргізгенін атап өтті.
«Көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, өнеркәсіп және басқа да салада бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаластық. Елдеріміздің арасында тұрақты түрде тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігі туралы да пікір алмастық», – деп атап өтті Тоқаев.
Одан бөлек Қазақстан тарапы Африка нарығына бидай тасымалдауға да қызығушылық танытып отыр. Осы мақсатта құрлықтың сегіз еліне жол ашатын Момбаса портын пайдаланбақ.
«Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидайды және өзге де тауарларды Африка нарығына жеткізуге мүдделіміз. Осы мақсатпен Момбаса портын пайдалану мәселесін қарастырдық. Бұл – осы аймақтың сегіз мемлекетіне жол ашатын Шығыс Африкадағы ең ірі логистика орталығының бірі. Сонымен қатар Кения өнімдерін Қазақстан арқылы Еуразия елдеріне жеткізу мәселесін талқыладық. Сауда-экономикалық ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру қажет екенін айттық», – деді мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Кениядан келген делегация Қазақстанның Egov жүйесіндегі, ғарыш және ақпараттық технология салаларындағы жетістігіне қызығушылық танытқан. Олар AlemАI халықаралық жасанды интеллект орталығының және Қазақстанның ұлттық ғарыш орталығының жұмысымен танысты.
Қазақстанның Африка елдеріне астық тасымалдайтыны туралы былтыр айтыла бастады. 2025 жылы мамырда Ауыл шаруашылық министрлігі Мароккоға 60 мың тонна бидай жеткізді.