
Huating Biotechnology Co., LTD Түркістан облысында ірі қара малдың сүйегін өңдеп, одан дәрі-дәрмекке қажетті пептон, авиаотын дайындайтын май, сонымен бірге фарфор жасайтын көмір шығаратын зауыт ашады. Kursiv.Media тілшісі қытай компаниясының басшысы Жао Боканг мырзамен тілдесіп, шамамен 30 млн доллар инвестиция құйылатын өндіріс орнымен танысты.
Ысырап болған байлық
Ірі қара сүйегін өңдейтін зауыт Түркістан облысы Ордабасы ауданы аумағында, Темір ауылына жақын маңда орналасқан. Өндіріс кешені 10 гектар жерді алып жатыр.
Қытай кәсіпкері Қазақстанда өндіріс ашу туралы шешім қабылдаған уақытта елдің негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатынын, мұнда сүйек өңдейтін кешен атымен жоқ екенін ескерген.
«Қазақстандағы кәсіпорындар сүйектерді негізінен жерге көміп жібереді. Осылайша қалдықтарды ысырап етіп қана қоймай, қоршаған ортаны ластайды«, – деп есептейді Жао Боканг.
Қытай инвесторы малдың сүйегін ғана емес, оның қанын да әжетке жаратуға болатынын айтып отыр.
«Сонымен бірге сиыр, жылқы және қой сойған кезде олардың қаны Қазақстанда канализация арқылы ағып кетеді. Тағы да ысырап болады. Бәлкім, 2027 жылы, осы қанды да өңдеп, өнімге айналдыратын шығармыз. Одан мал шаруашылығы үшін маңызды жем әзірлеуге болады», – деп жоспарлап қойды кәсіпкер.
Оның айтуынша, сиыр мүйізі мен тұяғы секілді ең құнсыз саналатын бөліктерін де өнімге айналдыруға болады. Халықаралық нарықта, қытай кәсіпкерінің айтуынша, олардың тоннасы 400 мың юань (шамамен 28 млн теңге) шамасында сатылады.
Тақырыпқа орай: Қытай кәсіпкері: Қазақ шенеуніктері инвесторларға бала күтуші сияқты қарайды
2026 жылғы мамырдың аяғында ашылатын зауыт бір тәулікте 50 тонна сүйек өңдейді. Мысалы, салмағы 500 кг тартатын ірі өгізден 100 кг сүйек шықса, зауытқа бір тәулікте шамамен 500 ірі қараның шикізаты қажет болады деген сөз.

Сүйекті ақшаға айналдыру
Жао Бокангтың айтуынша, зауытта негізінен үш түрлі өнім шығарылады: пептон, сүйек майы және сүйек көмірі.
Пептонның бір тоннасы – шамамен 7 млн теңге
Пептон – ақуызды ыдырату арқылы алынатын, пептид пен аминқышқылынан тұратын органикалық зат. Ақшыл сары түсті ұнтақ негізінен дәрі-дәрмек жасау үшін қажет.
«Пептон өнімін біз биофармацевтика саласында қолданамыз. Қытайда оны тұтынушылар өте көп. Біз Қазақстанда жануарлар сүйегіндегі ақуызды алып, технологиямыз арқылы өңдеп, пептонға айналдырамыз», – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, биотехнология саласы ілгері қамыған Қытай өнімін әлем нарығына көптеп шығарып келеді.
«Антибиотик препарат шығаратын кәсіпорындардың бәрі дерлік пептонды қажет етеді. Қазақстанда да бірнеше дәрі-дәрмек зауыты болуы мүмкін. Олар да бізден пептон ала алады», – деп ойлайды Жао Боканг.
Кәсіпкер 10 тонна сүйектен шамамен 1 тонна пептон алуға болатынын айтты. Халықаралық нарықта оның бағасы әртүрлі.
«1 тонна пептонның ең арзан бағасы 6-7 мың юань (415-484 мың теңге), ал ең қымбаты – 100 мың юаньға (шамамен 6,9 млн теңге) дейін жетуі мүмкін», – дейді қытай инвесторы.
Сүйек майы немесе авиаотын
Мал сүйегінен алынатын тағы бір маңызды өнім – май. Жао Бокангтың айтуынша, сүйек өндіру процесі арқылы майлардың көптеген түрін алады. Мысалы, оны авиациялық керосинге де айналдыруға болады.
«Әдетте ұшақ қолданатын отын атмосфераны ластайды. Ал біз жануар майын керосинге айналдырған уақытта, мұндай отын ауаны айтарлықтай ластамайды», – деп түсіндірді кәсіпкер.
Сүйек көмірі немесе қытай фарфоры
Қытай – фарфордың тарихи отаны. Әсіресе сүйек фарфоры – әлемдегі ең жоғарғы сортты фарфорлардың бірі, ал оның құрамындағы маңызды шикізат – сүйек көмірі.
«Үшінші өніміміз – сүйек көмірі. Сүйек фарфорын дайындатын шикізаттардың 40-50%-ы сүйек көмірінен тұрады. Бұл шикізат сүйек өңдеудің соңғы кезеңінде – оның барлық майы мен ақуызы алынғаннан кейін қалған кальций мен басқа заттарды 1000 градус жоғары температурада күйдіру арқылы алынады. Ол керамиканың маңызды шикізатына айналады», – деп түсіндірді инвестор.
Осылайша Huating компаниясы Қазақстанда ысырап болып жатқан мал сүйегінен аса қажетті, өте бағалы өнімдер шығарып, қомақты пайда табуды көздеп отыр.

30 млн доллар инвестиция
Жылдар бойы биотехнологияны дамытуға ұмтылып келе жатқан қытай компаниясы Қазақстанға қомақты қаражатпен кірді.
«Инвестиция көлемі – 30 млн доллар. Облыспен келіссөздер жүргізіп, оны бес жыл ішінде игеруге тырысамыз», – дейді Жао Боканг.
Кәсіпкер өндіріс шығындарын 5-8 жылдың ішінде қайтарып алуды көздеп отыр.
«Мен облыс әкімшілігімен 2025 жылы келісімге келдім. Зауыт іске қосылған соң Түркістан облысындағы кез келген қасапхана сүйек сияқты қалдықтарды жеке өңдемейді. Олардың бәрін Huating компаниясына өңдеуге тапсырады», – дейді инвестор.
Кәсіпкер Қазақстанға жақында келгендіктен, жергілікті қасапханалармен, басқа да мекемелермен таныс еместігін, әзірге шикізат көзі толық еместігін ескертті.
Айта кетейік, Huating компаниясы суға қайнатылған сүйекті қабылдамайды. Өндіріске жаңа сойылған ірі қараның сүйегі ғана жарамды. Инвестор сүйікті қабылдау бағасы нақтыланып жатқанын айтты.
Huating қытай компаниясының ірі қара сүйегін өңдейтін зауыт 2026 жылғы мамырдың аяғында іске қосылады деп жоспарланған. Өндіріс кешенінің негізгі құрылысы аяқталған, қажетті құрал-жабдықтар жеткізілген. Huating жақын маңдағы Темір ауылынан табиғи газ құбырының тартылуын ғана күтіп отыр.