Жаңалықтар

Жоңғар-Алатауы ұлттық паркінде аю үйге кірмек болған

Фото: Жоңғар-Алатауы ұлттық паркі

Әлеуметтік желілерде демалыс орнындағы үйге жақындап, ішіне кірмек болған жабайы аюдың бейнежазбасы кеңінен тарап жатыр. Осыған байланысты «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» ресми мәлімдеме жасады.

Оқиғаның мән-жайы

Оқиға ұлттық парк аумағындағы Аттапқан шатқалында, «Табиғат ОРХ» ЖШС серіктестік жерінде тіркелген. Желіде тараған кадрлардан жабайы аң қонақүйге тұмсық тіреп, өте жақын келгенін көруге болады. Аю ішке кірмек болып, үйдің темір есігін сындырған. 

Ұлттық парк әкімшілігінің хабарлауынша, бұл – ТяньШань қоңыр аюы. Мамандар сөзінше, ол жануардың адамға агрессия танытуы өте сирек кездеседі. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Алдын ала мәліметтер бойынша, аюды үйден шыққан тағамның иісі жетелеген. Жабайы аюлардың иіс сезу қабілеті өте жоғары дамыған. Егер олар адамдар тастаған тамақ қалдықтарының дәмін татып, оңай олжаға үйренсе, бұл олардың табиғи инстинктін бұзады.

Адам азығына дәніккен аю кейіннен тамақ іздеп қонақүйлерге, демалыс орындарына немесе туристік шатырларға әдейілеп келіп, есік-терезені қиратуға көшеді. Бұл жағдай болашақта демалушылардың да, жануардың да өміріне үлкен қауіп төндіреді.

Ұлттық парк әкімшілігі тұрғындар мен туристерге қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. 

«Жабайы жануарларды тамақтандырмаңыз! Егер жабайы аңдарды кезіктірсеңіз, оларды еліктіріп, ешқандай азық лақтырмаңыз», – деп жазылған хабарламада.

Қонақүйлердің айналасында тамақ қалдықтары мен қоқысты ашық тастап кетуге қатаң тыйым салынады. Өйткені иіс жыртқыштарды туристердің баспанасына тікелей бастап апарады.

Айта кетейік, елімізде аю, қасқыр, барыс сияқты аңдардың саны артып келеді. Бұған дейін Іле-Алатау ұлттық паркінде адамдар жүретін жерге түскен қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылған еді.