Жаңалықтар

Төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға дайындық басталды

Тағы бір мұнай өңдеу зауыты салынады / фото: shutterstock

Қазақстанда қуаттылығы жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алатын төртінші ірі мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу жобасының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлей бастады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлайды.

Сөзден іске көшеді

20 мамырда Астанада ірі мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі пысықталды. Мүдделі тараптар қатысқан жиынға энергетика министрі Ерлан Ақкенженов төрағалық етті. Өйткені жобаның жүзеге асуын осы министрлік үйлестіреді.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өткізген жиналыс
Министр Ерлан Ақкенженов өткізген жиналыс / фото: Энергетика министрлігі

Кешен болашақта мұнай-химия кластерінің орталығына айналуы тиіс. Жобаға тапсырыс берушісі — SK Ondeu («Самұрық-Қазына» қорының еншілес ұйымы).

Ресми мәліметке қарағанда, халықаралық инжиниринг тобы алты ай ішінде кешенді алдын ала зерттеп, үкіметке ұсыныс түсіреді.

«Қашаған мен Теңіз кен орындарының мұнайын өңдеу, сонымен бірге қолданыстағы құбыр инфрақұрылымы арқылы аралас шикізатты пайдалану нұсқалары қарастырылады», – деп таратты министрлік.

Зауыт қайда салынады

Әзірге Қазақстандағы төртінші ірі мұнай өңдеу зауыты нақты қай жерде салынатыны белгісіз. Бірақ сәрсенбідегі жиында осы мәселеге де ерекше назар аударылған.

«Сарапшылар көлік логистикасын, теміржол инфрақұрылымына қолжетімділікті, өнім өткізу нарықтарына жақындығын, экологиялық талаптарды және инженерлік коммуникациялардың болуын бағалайды», – делінген мәліметте.

Ақкенженов жобаны елдің энергетикалық тәуелсіздігін ұзақ уақыт қамтамасыз ететін «стратегиялық маңызды қадам» деп сипаттаған. Оның айтуынша, жобаның орналасуы мен конфигурациясына қатысты барлық шешімдер тек экономикалық тиімділік пен техникалық есептер негізінде қабылданады.

Қазір Қазақстандағы ең ірі мұнай өңдеу зауыты Шымкент қаласында орналасқан. Қазір ол жылына 6 млн тонна мұнай өңдей алады. Бірақ үкімет Шымкент МӨЗ қуатын 12 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.