Жаңалықтар

Парламент төрінде заңгер мен экономистер ғана болуы керек пе – депутаттар пікірі

Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қоғамда Парламент төрінде тек заң саласын меңгерген білікті заңгерлер мен экономистер отыруы керек деген пікір жиі айтылады. Өнер мен спорт саласындағы танымал тұлғалардың депутат мінберінде отырғанын құптамайтындар да бар. Осы тақырыпқа қатысты KursivMedia тілшісі Мәжіліс депутаттары Аманжол Әлтай мен Ринат Зайыттың ойын білді.

Халыққа танымал айтыскер, ақын ретінде де белгілі Аманжол Әлтай қоғамда айтылып жүрген бұл пірікмен мүлдем келіспейтінін айтады. Ол заң шығарушы органда түрлі саланың мамандары мен қоғам өкілдері болуы маңызды деп санайды.

«Бұл пікірге өз басым қосылмаймын. Өйткені парламент болғаннан кейін түрлі әр саланың білікті мамандары, сарапшылары болуы керек. Әрине, бірінші кезекте заңгерлер мен экономистер болуы керек. Бірақ руханият, мәдениет, әдебиет саласының жанашырлары мен зиялы қауым өкілдері де болуы тиіс», – деді Аманжол Әлтай.

Депутаттың сөзінше, алдағы Құрылтай құрамында тек заң мен экономика саласының мамандары ғана емес, өзге бағыттардан да кәсіби сарапшылар болғаны маңызды.

«Басқа да салалардан білікті сарапшылар Құрылтай төрінде болуы керек. Сонда ғана Құрылтайдың жұмысы жан-жақты әрі толыққанды болады. Ал тек заңгерлер мен экономистерден құралған Парламент болуы керек деген пікір, тар шеңбердегі көзқарас», – деді ол.

Осыған ұқсас пікірді депутат Ринат Зайыт та айтты. Оның пікірінше, Парламентте әр саланың мүддесін қорғайтын кемінде бір өкіл болуы керек.

Ринат Зайытов заңгерлер мен экономистер барлық саланың мәселесін бірдей терең меңгере бермейтінін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Ринат Зайыт болашақта қайта депутат бола ма деген сұраққа жауап берген еді. Ол бұл мәселеге қатысты нақты жауап беріп, депутаттыққа ниеті жоқ екенін айтқан болатын.