Жаңалықтар

Ақмола облысында шахтаға заңсыз кіріп, алтын іздеген екі адам қаза тапты

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ақмола облысындағы Бестөбе кенішіне қарасты шахтада заңсыз алтын іздеумен айналысқан екі адам қаза тапты.

Қайғылы оқиға 19 мамыр күні Қазақалтын компаниясына қарасты «Центральная» шахтасында болғаны хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша, 610-горизонт тереңдігінде опырылу болып, оның астында екі ер адам қалып қойған.

Опырылған жерге жету үшін тау-кен құтқарушылары шамамен 1,5 шақырым жерді жерасты қазбалары арқылы жүріп өткен. Ер адамдардың екеуі де оқиға орнында қаза тапқаны белгілі болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар Солтүстік Қазақстан облысынан келген. Болжам бойынша, олар тез табыс табу мақсатында заңсыз кен өндірумен айналысқан.

Ақмола облысының полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Осы факті бойынша Степногорск қалалық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 269-1-бабының 3-бөлігі – «Күзетілетін нысанға заңсыз кіру абайсызда адам өліміне немесе өзге де ауыр салдарға әкеп соғу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр», – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салайық, 27 сәуірде «Шығыстүстімет» ЖШС-не қарасты Орлов шахтасында да тау жынысы опырылды. Үйінді астында екі жұмысшы қалып қойды. Бірі сол жерде қайтыс болып, екіншісін құтқарып үлгерді. Кеншінің жағдайы әлі де ауыр. Шахта KAZ Minerals тобына тиесілі. Қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.