
Алматыдағы пластикалық хирургия клиникасында кенеттен көз жұмған белгілі кәсіпкер әрі миллиондық аудиториясы бар блогер Сәуле Ермаханованың қызы әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Ол анасының өліміне қатысты бұған дейін беймәлім болып келген деректерді жариялап, қоғамнан және журналистерден көмек сұрады.
«1,5 сағаттық ота трагедияға ұласты»
Марқұмның қызының айтуынша, оқиға 15 мамыр күні Алматыдағы Smart Beauty Clinic жекеменшік клиникасында болған. Сәуле Ермаханова жергілікті анестезия (жансыздандыру) арқылы липосакция жасатуға жоспарлы түрде барған. Дәрігерлер бұл ем-домның 1–1,5 сағаттан аспайтынын айтып сендірген.
«Бір сағат өтті. Бір жарым, екі, үш сағат өтті. Біздің сұрақтарымызға ешкім жауап берген жоқ, жай ғана үндемей құтылды. Бірге барған туысымызға анамыздың енді жоқ екенін тек кешкі сағат 18:00 шамасында ғана хабарлады», – деп жазады блогердің қызы.
Жедел жәрдем 3 сағаттан кейін шақырылды
Қызының айтуынша, жедел жәрдем қызметі кешкі сағат 19:00-де ғана жеткен.
«Жедел жәрдем тек 19:00-де келді. Ол жабық есіктің арғы жағында үш сағат бойы мүлдем жалғыз жатқан, біз ештеңе білмедік. Бізде әлі күнге дейін сұрақ көп: Неге дәрігерлер өлім туралы бірден хабарламады? Олар бұл уақытта немен айналысты? Анамызды құтқаруға әрекет жасалды ма? Жедел жәрдемді неге бірден шақырмады?», – деп күйінеді марқұмның жақындары.
Клиника жаңа клиенттерді жазуды жалғастырып отыр
Марқұмның отбасы аналарының өлімінен кейін 4 күн өткен соң, таныстарын басқа есіммен клиниканың WhatsApp нөміріне жаздыртып көрген. Нәтижесінде, клиника әкімшілігі ештеңе болмағандай баға тізімдерін жіберіп, ақылы онлайн-консультация ұсынып, келесі аптаға ота жасатуға қабылдауды жалғастырған.
53 жасында қайтыс болған Сәуле Ермаханованың артында үлкен әулеті, балалары мен немерелері қалды.
«Анамыз көпшілікке танымал болғанымен, біз үшін ол ең жылы, ең қамқор ана әрі әже еді. Жоспарлары көп еді. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Біз аяғына дейін шындық пен әділдік үшін, бұл жағдай басқа ешкімнің басына қайталанбауы үшін күресеміз! Біз үнсіз қалмаймыз», – деді блогердің қызы.
Марқұмның отбасы тергеудің әділ өтуіне және кінәлілер анықталғанша клиниканың жұмысын толық тоқтатуын сұрап отыр.
Айта кетейі, аталған дерек бойынша Алматы қаласының Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.