
Мамыр айының аяқталуымен бірге еліміздің түкпір-түкпірінде мектеп бітіруші түлектер үшін қимас та толқынысты сәт – соңғы қоңырау басталады. Алайда, бұл қуанышты күн кейде жастық желік пен жауапсыздықтың кесірінен қайғылы жағдайларға ұласып жатады. Осыған байланысты Алматы қаласының полиция департаменті мектеп бітірушілердің ата-аналары мен ұстаздар қауымына ерекше үндеу жолдады.
«Әсерлі видео түсіреміз деп, өмірін қатерге тігеді»
Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, соңғы қоңырау және мектеп бітіру кештері күндері жасөспірімдер арасындағы қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі басты назарға алынады. Жыл сайын қайталанатын «дәстүрлі» қателіктер биыл да полиция қызметкерлерін алаңдатып отыр.
«Жыл сайын мерекелік іс-шаралар бақылаудан шығып кететін жағдайларымен бетпе-бет келеміз. Әсіресе қала сыртындағы коттедждерді жалға алу, ішімдікке бой алдыру, сондай-ақ қымбат автокөліктермен жарысып, қауіпті «кортеждер» ұйымдастыру үлкен қатер тудырады. Бүгінгі жастар әлеуметтік желіге әсерлі бейнеролик түсіреміз деп, көліктің терезесінен белшесінен шығып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзады. Мұндай желіктің соңы орны толмас қайғыға әкеп соғуы мүмкін», – деді Тимур Ноғайбаев.
Полиция күшейтілген режимге көшеді
Тәртіп сақшылары бұл күндері қала көшелері мен демалыс орындарында күшейтілген режимде жұмыс істейтінін мәлімдеді. Алайда полицияның күшімен ғана әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Осы орайда құқық қорғау органдары ата-аналар мен педагогтерді балалар мерекелік кештерден кейін қайда және кіммен жүргенін қатаң қадағалауға, жүргізуші куәлігі жоқ немесе тәжірибесі аз жасөспірімдерге автокөлік тізгінін бермеу шақырады. Баланың ұялы телефоны қосулы болуын, оның қауіпсіз ортада екенін тексеріп отыруын, ересектерді бала тағдырына бейжай қарамауға үндейді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі оқушыларды мектеп бітіру кештерін өткізбеуге шақырған еді.