Жаңалықтар

Алматыда өрт сөндірушілер терезеден құлай жаздаған баланы құтқарып қалды

Фото: ТЖМ

Алматы қаласында қайғылы жағдайдың алдын алған өрт сөндірушілер бес жасар баланы көпқабатты үйдің алтыншы қабатынан құлаудан аман алып қалды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тұрғындар дабыл қақты

Оқиға Алатау ауданына қарасты «Мәдениет» шағын ауданында орын алған. Көпқабатты үйлердің бірінде кішкентай бала ашық тұрған терезенің алдына шығып кеткен. Оның өміріне қауіп төніп тұрғанын көрген өтіп бара жатқан куәгерлер бірден «112» құтқару қызметіне қоңырау шалып, дабыл қаққан.

«Шақырту орнына ТЖМ құтқарушылары жедел жетті. Автосатының көмегімен алтыншы қабаттың терезесіне дейін көтеріліп, 5 жас шамасындағы баланы төмен түсірді. Осылайша, бүлдіршіннің биіктіктен құлауына жол берілмеді», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Үйдің есігі құлыптаулы болған

Құтқарушылар анықтағандай, оқиға кезінде пәтердің есігі ішінен құлыптаулы болған, ал үйде ересектерден ешкім болмаған. Аман-есен жерге түсірілген бүлдіршін оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлеріне табысталды.

ТЖМ ата-аналарға үндеу жасады

Төтенше жағдайлар министрлігі мұндай қауіпті жағдайлардың көбіне балаларды қараусыз қалдырудан болатынын алға тартты. Ведомство мамандары еліміздегі барша ата-аналарды барынша мұқият болуға шақырып, маңызды қауіпсіздік ережелерін еске салады: Балаларды үйде ешқашан жалғыз қалдырмау, терезелерге арнайы қорғаныш торларын (блокаторлар) орнату, жиһаздарды терезенің алдына жақын қоймау (баланың өрмелеп шығып кетпеуі үшін).

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада көпқабатты үйден өрт шығып, 30-дан астам тұрғын эвакуацияланған еді.