Жаңалықтар

Азамат Әмрин қазақстандықтардың тамаққа неге көп ақша жұмсайтынын түсіндірді

Қазақстандықтар неге тамаққа көп ақша жұмсайды
Қазақстандықтар неге тамаққа көп ақша жұмсайды?/ Фото: Shutterstock

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннен “қазақстандықтар қашан тамаққа көп ақша жұмсауды тоқтатады” деп сұрады. Әмрин жағдайды шетелдік мысалдарды айта отырып түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, бізде тұтыну себеті негізінен 508 тауар түрінен тұрады. Оның ішінде шамамен 40 пайызы – азық-түлік, қалғаны – қызмет көрсету түрлері мен азық-түлік емес тауарлар

Дамыған елдерде халықтың сырттан тамақтануы «қызмет көрсетуге» жататындықтан, статистикада азық-түлік шығыны аз болып көрінеді.

“Бұл жағдай көбіне біздің өмір салтымызға байланысты. Біз негізінен үйде тамақ дайындап жегенді жақсы көреміз, сондықтан дүкеннен өнімдерді өзіміз сатып аламыз.

Ал шетелде адамдар көбіне мейрамханалар мен дәмханаларда тамақтанады, таңғы асты да сырттан ішеді. Оларда бұл «қызмет көрсету» болып есептеледі, сондықтан жалпы шығындар құрылымында қызмет көрсетудің үлесі жоғары. Міне, сондықтан біздегі 50 пайыз бен шетелдегі 15 пайызды салыстырғанда осы айырмашылықты ескеру қажет”, – деп атап өтті вице-министр.

Вице-Министрдің сөзінше біздің елде де дәмханаға барып тамақтану «қызмет көрсетуге» жатады. Тек шетелде адамдардың сырттан тамақтану жиілігі мүлдем басқа.

Сонымен қатар вице-министр елдегі инфляция динамикасы мен бағаны төмендету шараларына тоқталды.

“Баға белгілеу мәселесіне келсек, өздеріңіз көріп отырғандай, өткен жылдың қыркүйегінде инфляция ең жоғары шегіне жеткен еді. Қазір ай сайын төмендеп келеді. Сәуірдің қорытындысы бойынша 10,6 пайыз болды, мамыр айында да инфляция тағы төмендейді деп күтіп отырмыз. Мысалы, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер, соның ішінде қияр, қызанақ, қырыққабат бағасы қазірдің өзінде 15 пайызға арзандады”, деді ол.

Айта кетейік, Үкімет ауылдарда азық-түлік бағасын арзандату бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтқан еді.