Жаңалықтар

Президент Түркістандағы саммитті ұйымдастыруға үлес қосқан жұмысшыларды марапаттады

Токаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде өткізуге қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Марапаттың басты ерекшелігі – халықаралық деңгейдегі маңызды жиынның мінсіз өтуіне тікелей атсалысқан қарапайым еңбек адамдарының, коммуналдық сала мамандары мен белсенді жастардың еңбегі жоғары бағаланды.

Президент Жарлығымен бірнеше азамат ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанды. Олардың қатарында Бәйдібек ауданының бағбаны Мұхтар Әбішов, Ордабасы ауданының жұмысшысы Әмина Күзембаева, Төлеби ауданындағы тазалық мекемесінің жұмысшысы Райхан Матибаева, С.Ерубаев атындағы мұражайдың экскурсия жүргізушісі Ердос Қонысов және Түркістан қаласының инженер-гидротехнигі Парымбек Орынбасар бар. Өңірдің көркейіп, қонақтарды таза әрі реттелген қалада қарсы алуына осы мамандардың қосқан үлесі зор.

Сонымен қатар, саммиттің инфрақұрылымдық, медициналық және ұйымдастырушылық жұмыстарын үйлестірген 16 азамат «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Олардың ішінде қалалық жедел жәрдем бекетінің меңгерушісі Тахир Әбдиев, облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Төлеби Мырзалиев, бірқатар жауапты серіктестік басшылары мен Түркістан, Кентау, Созақ, Жетісай, Шардара, Отырар, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес аудандарының коммуналдық кәсіпорындарында жүргізуші, бағбан және аула тазалаушы болып еңбек ететін қызметкерлер бар. Халықаралық шараның алдыңғы шебінде қонақтарға жол көрсетіп, қолғабыс еткен волонтерлер Ернар Бектаев, Айда Мақанбай және Алишер Омаров та мемлекеттік наградаға лайық деп танылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тоқаев мәдениет саласындағы үздіктерді марапаттаған еді.