
Шымкент қаласында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Бүгін мегаполисте тағы 100 отбасына жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табыс етілді.
Баспана кімдерге берілді?
Ақжайық шағын ауданында бой көтерген жаңа үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған және мемлекеттік жеңілдетілген несие бағдарламаларына қатысқан азаматтарға бұйырды. Пәтер кілттерін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова арнайы барып табыстады.
Баспаналар елімізде сұранысқа ие «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары аясында, жеңілдетілген тұрғын үй несиесі арқылы төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға ұсынылды. Пәтер бөлу барысында халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөлінген.
Жаңа пәтер иелерінің қатарында: Көпбалалы отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар, мүгедектігі бар азаматтар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.
Жыл соңына дейін 6 500-ден астам пәтер берілмек
Шымкент қаласы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша көшбасшы қалалардың қатарына кіреді. Әкімдік мәліметінше, мегаполисте жылдың соңына дейін 6 500-ден астам пәтер беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Астанада мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай актриса Анар Әділоваға пәтер берілді.