
Алатау қаласын салу барысында ғимарат құрылысына қойылатын сейсмикалық талаптар мен жауапкершілік артады. Бұл туралы қала әкімі Әркен Өтенов үкімет үйінде өтіп жатқан Alatau City жобасын жүзеге асыру барысы туралы жиында мәлім етті.
Қала әкімі жаңа норма қабылданып жатқанын айтып, қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауда болатынына сендірді.
«Қауіпсізді талаптарына қолданыстағы заңнама негіз болады. Одан бөлек жаңа норма қабылданатын болады, оған сай жобалаушы архитекторларға, құрылысшыларға қосымша жауапкершілік күшейтіледі», – деді ол.
Жиында журналистер әкімнен құрылыс барысында «ғимараттар опырылып түспейтініне кепілдік бере аласыздар ма» деп нақтылағанына Әркен Өтенов кепілдік беретінін мәлімдеді.
Бұған дейін, елдегі ең биік екінші ғимарат Алатау қаласында салынатыны хабарланған. Оны Дубайдағы әйгілі Бурдж-Халифа ғимаратын дайындаған Skidmore, Owings & Merrill (SOM) компаниясы таныстырған.
Кешен қос мұнарадан тұрады. Ауқымы шамамен 277 шаршы метр. Мұнаралардың үлкенінің биіктігі – 272 метр. Ол Қазақстандағы ең биік екінші ғимаратқа айналмақ. Әзірге бұл рекордты Астана қаласындағы «Абу-Даби Плаза» ұстап тұр (311 метр).