
Депутаттар Мәжілістің жалпы отырысында Салық кодексіне түзетулер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Депутат Ерлан Стамбековтің айтуынша, құжатты Парламент депутаттары дайындаған. Оның басты мақсаты – 2026 жылғы 15 наурызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын іске асыру.
«Заң жобасы аясында Салық кодексіне бірқатар өзгеріс енгізіліп жатыр. Олар бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуына, Қазақстан Халық Кеңесінің жасақталуына байланысты. Сондай-ақ, азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгінуі кезінде мемлекеттік баж салығын төлеу талабы да жойылады», – деді депутат.
Оның сөзінше, бұл заңның қабылдануы ешқандай жағымсыз әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттің шығынын көбейтпейді және кірісін азайтпайды.
Бұған дейін Салық кодексіне құжаттағы заң терминдерін жаңарту мен елдегі құқықтық өзгерістерге сәйкестендіруге бағытталған өзгерістер енгізілетіні хабарланған.