Жаңалықтар

Ресей AZAL апатына байланысты Қазақстанға өтемақы төлей ме – вице-премьер жауабы

Фото: REUTERS/Azamat Sarsenbayev

Сәуір айында Ресей мен Әзербайжан AZAL ұшағының апатына байланысты өтемақы төлеу мәселесі бойынша келісімге келгені белгілі болған еді. Осыған байланысты Қазақстан мен Ресей арасындағы өтемақы мәселесіне Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев жауап берді.

Үкіметте өткен брифинг барысында БАҚ өкілі апат Қазақстан аумағында болғанын, қазақстандықтардың да қаза тапқанын және арнайы қызметтердің жұмылдырылғанын еске салып, Ресей Қазақстанға өтемақы төлей ме деген сауал қойды.

Бұл мәселеге қатысты вице-премьер Қанат Бозымбаев жауап берді. Оның айтуынша, қаза тапқан алты адамның мұрагерлері мен жақын туыстарының кейбірі өтемақы алып үлгерген.

«Мен бұл мәселені зерттедім. Қаза тапқан алты адамның кейбір мұрагерлері мен тікелей туыстары төлем алды. Өкінішке қарай, кейбір отбасыларда өтемақыны нақты кім алуы керек деген мәселеге байланысты сот процестері жүріп жатыр. Бірақ төлем жасауға тиіс сақтандыру компаниялары әзербайжандық та, ресейлік те көмек көрсетуге дайын. Шешім жақын арада қабылданады. Менің ойымша, олар барлық өтемақыны толық алады. Азаматтығына қарамастан барлық жолаушы төлем алады», – деді Бозымбаев.

Журналист Ресей Қазақстанға өтемақы төлей ме деп нақтылушы сұраққа, вице-премьер мұндай келісімдер туралы естімегенін айтты.

«Мен ондай ақпарат естіген жоқпын», – деді ол.

Сондай-ақ Бозымбаев бұл мәселе бойынша Сыртқы істер министрліктерінің мәлімдемелеріне назар аудару керегін жеткізді.

«Бұл сұрақты бізге емес, СІМ-ге қою керек. Біз жағдайды бақылап отырмыз. Әзербайжандық әріптестермен тығыз байланыстамыз. Екі апта бұрын түрлі мәселелер бойынша, оның ішінде экономикалық тақырыптар аясында сөйлестік. Сондықтан Әзербайжан немесе Қырғызстан азаматтарына қарастырылатын барлық төлемдер басқа елдердің зардап шеккен азаматтарына да қатысты болады. Біз ешқандай кемсітушілік болмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді ол.

Оның сөзінше, қазірдің өзінде төлем алғандардың бар болуы өтемақы бәріне бірдей қарастырылып жатқанын аңғартады. Алайда кей жағдайда төлемді кім алатынын анықтауға байланысты заңдық мәселелер туындап отыр.

Айта кетейік, бір ай бұрын Мәскеу мен Баку 2024 жылдың соңында болған ұшақ апатының салдарын реттеу, соның ішінде өтемақы төлеу мәселесі бойынша ресми келісімге келді.  Құжатқа сәйкес, тараптар Ақтау қаласына жақын маңда апатқа ұшыраған «AZAL» әуе компаниясының Embraer 190 ұшағына қатысты барлық түйткілдерді толық шешкен.

Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясының Бакуден Грозныйға ұшқан жолаушы ұшағы Ақтаудан 3 шақырым жерге құлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, бортында 67 адам бар ұшақты Грозный әуежайына қонуға беттеген сәтте Ресейдің «Панцирь-С» зымыран кешенімен атқылаған. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам жараланды.