
Сауд Арабиясы Про-лигасының тартысқа толы маусымы өз мәресіне жетті. Экстра-класс жұлдыздарын жинаған «Әл-Наср» футбол клубы соңғы 34-турда «Дамакты» айқын басымдықпен ұтып, ел чемпионы атанды. Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду Сауд Арабиясында төрт жылдан бері доп тепкенімен, алғаш рет чемпион атанып отыр.
Роналду мен Мане бенефисі
Чемпиондық атақ тағдыры шешілетін кездесуде Эр-Рияд клубы алғашқы минуттардан-ақ басымдықты өз қолына алды. 34-минутта бұрыштамадан әуелетілген допты Садио Мане дәл бағыттап, есепті ашты. Екінші таймда қонақтар қорғанысын қыспаққа алуды жалғастырған «Әл-Наср» есепті еселеді. Криштиану Роналдуның мінсіз пасынан кейін Кингсли Коман гол соқты – 2:0.
«Дамак» футболшылары пенальтиді сәтті орындап, есеп айырмасын қысқартқанымен, матчтың соңғы нүктесін бәрібір алаң қожайындары қойды. Кездесудің соңғы бөлігі Роналдуның бенефисіне айналды. Алдымен португалиялық шабуылшы айып соққысын мінсіз орындап, қақпашыны қапы қалдырса, көп ұзамай оң қанаттан берілген пасты голға айналдырып, дубль авторы атанды.
Қорытынды есеп – 4:1. Португалиялық сұрмерген шешуші ойында екі гол және бір нәтижелі паспен көзге түсіп, командасын алтын медальға сүйреді.
Осы жеңістен кейін «Әл-Наср» турнирлік кестеде қарсыластарына жеткізбей, Сауд Арабиясының чемпионы атанды. Еуропалық деңгейдегі барлық белесті бағындырған Криштиану Роналду үшін бұл – Таяу Шығыстағы алғашқы ресми командалық жетістік. Енді «Әл-Наср» келесі маусымда Азия Чемпиондар лигасында басты фавориттердің бірі ретінде бақ сынайды.
Айта кетейік, Криштиану Роналду жазда АҚШ, Мексика, Канада елдерінде өтетін Әлем чемпионатына қатысады.