
Алаутау қаласындағы әуе таксиін іске қосу үшін жаңа заң әзірленіп жатыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, елде әуе таксиінің ұшуын заңдастыру және қалалық авиациялық мобильділікті дамыту мақсатында арнайы түзетулер пакеті дайындалған.
Жақында ғана Алатауда eVTOL – болашақта елдің қалалық көлік жүйесінің бір бөлігіне айналатын электрлі әуе аппараттарының алғашқы сынақ ұшулары өтті.
Әуеде 200 км/сағ жылдамдықпен
Жаңа көлік құралының негізгі техникалық сипаттамалары: Қозғалтқышы: Толықтай электрлі (экологиялық таза). Жылдамдығы: Сағатына 200 шақырымға дейін жетеді.
Максималды ұшу қашықтығы – 200 шақырым. Аэротакси кептелісі көп ірі қалалардағы және жақын орналасқан аймақтар арасындағы автокөлік сапарларына тиімді балама ретінде қарастырылып отыр.
Жаңа көлік үшін заңдар өзгеруде
Әуе таксиінің рейстерін ресми әрі қауіпсіз ету үшін заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Министрліктің хабарлауынша, мамандар мен жобаға қатысушылар бір жыл бойы жұмыс істеп, қалалық әуе мобильділігін реттейтін түзетулер топтамасын әзірлеген.
Қазіргі уақытта бұл дайындалған өзгерістер келісу кезеңдерінен өтіп, талқылау сатысында жатыр. Жаңа нормалар жақын арада қабылданбақ.
Қазақстанда «вертипорттар» пайда болады
Заңмен қатар, жаңа жобаның инфрақұрылымы да қатар дамытылмақ. Аэротаксидің ұшып-қонуы үшін арнайы алаңдар – вертипорттар салынады. Бұл нысандардың тұжырымдамасы мен дизайнын әлем бойынша осындай алаңдарды жобалаумен айналысатын тәжірибелі итальяндық компания әзірлеп жатыр.
2028 жылға дейін Қазақстанда 6 вертипорт салу жоспарланған, оның бірі Алматы қаласында бой көтереді. Олар қауіпсіздік, қолжетімділік және қаланың қолданыстағы көлік жүйесімен ыңғайлы интеграциялану ерекшеліктері ескеріліп, маңызды нүктелерде орналасады. Ал ұшу аппараттарының алғашқы жеткізілімі 2028 жылдың соңына қарай басталады.
«Alatau Advance Air Group Ltd.» компаниясының қалалық әуе мобильділігі бойынша бұл жобасы толықтай жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатыр. Alatau City-дегі бұл жобаға құйылатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 300 миллион долларды құрайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қазақстандықтар аэротакси қызметін 2027 жылдан бастап пайдалана алады. Сондай-ақ, алдын ала мәлімет бойынша, Алматыдан Қонаев қаласына дейінгі бір реттік ұшу құны шамамен 32 мың теңге деңгейінде бағаланып отыр.