
Алматыда 19 мамырда із-түссіз жоғалған Ерзат Егінбайдың туыстары қала шетіндегі ауылдардан іздестіріп жатыр. 25 жастағы жігіттің облыстағы ауылдарға қатынайтын автобусқа мінгені анықталды.
Жоғалған жігіттің туыстары Ерзаттың бұрынғы Саяхат автовокзалы маңындағы бейнекамераларды тексеріп, оның қала шетіне қатынайтын көлікке отырғанын анықтаған.
«Алматы облысындағы Ават, Космос, Базаркелді ауылдарына қарай қатынайтын автобусқа мінген», – дейді Ерзаттың жеңгесі Шаттық Жүргенова.
Оның айтуынша, Ерзат жұма намазға үнемі барып жүреді. Соған байланысты ол облыстағы ауылдарда мешітке баратын жамағаттан да көмек сұрап отыр.
View on Threads
Бір күн бұрын қоңыр жейде, қара шалбар киген Ерзаттың автобус тоқтайтын аялдама маңында жүргені анықталған. Қолына телефон ұстаған жігіт біреуді немесе бірдеңені іздегеп жүргендей әсер қалдырған.
Естеріңізге сала кетейік, жас жігіттің туыстары екі күн бұрын дабыл қаққан. Олардың айтуынша, Ерзат Егінбай 19 мамырда түскі сағат 14:00 шамасында, бұрынғы Саяхат автовокзалы ауданындағы «жұмыстан сұранып шыққан». Содан бері 72 сағат өтсе де, жоғалған жігіт табылмай жатыр.
Іздеуге Алматы қаласы Жетісу аудандық полициясы ғана емес, еркітілер де қосылды. Ерзат Егінбайды көргендер болса, мына телефондарға хабарласуға болады: +7 705 105 31 31; +7 701 375 92 91 немесе 102.