
Шымкент прокуратурасы 5 жылға сотталған журналист Арай Есенбектің ісіне қатысты мәлімет берді.
Бұған дейін желіде мейрамхана ішінде түсірілген видео тарады. Ол жерде әйел сөмке ішінен пакет алып, қарсы отырған ер адамға ұсынған. Әйел «Ареке, дос болайық» деп айтқан, ал Арай Есенбек «Жанна, сөмкеңе салып қоя сал мынаны» деп жауап берген.
KursivMedia осы видеоға қатысты қала прокуратурасына сұрау жолдап, шыққан үкімге шағым түсіру туралы сұрады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, желіде тараған видео қылмыстық іс материалдарына тіркелген.
«2026 жылдың 27 қаңтарында видеоға кешенді сот-фонографиялық сараптама жүргізіліп, қорытынды берілген», – делінген жауапта.
Сараптама қорытындысы іс материалдарына тіркелгендіктен, прокуратура мазмұнын жариялай алмайтынын жазған.
Сондай-ақ Шымкент прокуратурасы Арай Есенбекке шыққан сот үкіміне толық келіскен.
«Сол себепті сот үкіміне апелляциялық өтінішхат енгізуге негіз жоқ», – деп хабарлады прокуратура.
Сот үкімі
Соттың хабарлауынша, 2025 жылдың қазанында журналист әлеуметтік желілерде Шымкент әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялап, әкімдік өкілінен өзімен 10 млн теңгеге ақпараттық мемлекеттік сатып алу шартын жасауды талап еткен.
«Бас тартқан жағдайда ер адам интернетте әкімдік қызметі туралы жағымсыз мәлімет жариялаймын деп қорқытқан. 6 қарашада сотталған 990 000 теңге алған. Сотта сотталушы кінәсін ішінара мойындап, соттан өзін бостандығынан айырмауды сұрады», – делінген хабарламада.
Сот журналисті қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Арай Есенбектің адвокаты Қанат Жүнісовтің сөзінше, журналист сот барысында өзіне тағылған айыпты мойындамаған.