Қоғам

Атыраудағы өлім: Ақбаян Мұқанғалиева тергеуде сұрақтарға қалай жауап берген (видео)

Тергеуші іске қатысты ақпарат берді/фото: kursiv.media

Атырауда бүтін бір отбасыны өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот басталды. Ол қайын жұрты Қарабалиндер әулетін қырып салғанын мойындап отыр.

Сұлтанның ізіне қалай түскен?

Қылмыстық істі тергеген Атырау облысы полиция департаменті тереу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Темірхан Қажымұратовтың айтуынша, жалпы 40-тан аса адамнан жауап алынған. Ішінде ағайын-туыс, көршілері де бар.

«Бастапқыда екеуі де із-түссіз кеткендер тізімінде болады. Содан кейін олардың есепшотын тексердік. Ақша түскен, түспегенін, қай жерде ақша жұмсағанын қарадық. Күдікті Сәрсемәлиев шотына ақша түсіріп жүрген. Ауылға апарған такси жүргізушісін таптық. Қарашада ерлі-зайыпты мен баласын апарып-әкелген. Қайтарда жанында Мейрамгүл Мұқанғалиева да болған», – дейді тергеуші Қажымұратов.

YouTube video player

Ақбаянға неге іс қозғалды?

Тергеушінің сөзінше, елге жеткізілген соң Ақбаянды медициналық ұйымға орналастыру туралы шешім қабылданған.

«Күдікті деп танудың басты мақсаты – қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау. Тексеру барысында қылмысқа қатысы жоғы анықталды. Сол себепті Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды», – дейді Темірхан Қажымұратов.

Алматыға жеткізілген кезде Сәрсемәлиев қылмыс жасағанын бірден мойындаған. Ал Ақбаян Мұқанғалиева сұраққа жауап бере алмаған.

«Мұқанғалиевамен сөйлесу барысында психикалық ауытқу бар екені байқалды. Сол себепті тергеу әрекетін өткізуге мүмкіндік болмады.  Сұраққа толыққанды жауап бере алмады», – дейді тергеуші.

Сәрсемәлиевке неге психиатриялық сараптама тағайындалды?

Маманның айтуынша, аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған азаматтардың бәріне сот-психиатриялық сараптама тағайындалады.

«Қылмысқа бес баласын өз анасының жанында қалдырғысы келгендіктен барғанын айтты. Әйелінің бұл қылмысты білмейтінін, қатысы жоғын мәлімдеді», – дейді ол.

Айта кетейік, Сәрсемалиевке қылмыстық кодекстің 13 бабы (адам өлтіру, ұрлық, алаяқтық, бөтеннің құжатын заңсыз пайдалану) бойынша айып тағылған.