
«Astana LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан бір жылдан бері елге жеткізілмеген. KursivMedia Бас прокуратурадан cырттай сотталып, кейіннен Түркияда ұсталған Арданның елге қашан экстрадицияланатынын сұрады.
«Бас прокуратура Талғат Арданды ұстап беру туралы Түркия Республикасының Әділет министрлігіне сұрау салған. Қазірге дейін Түркия тарабы ол бойынша шешім қабылдамады. Қылмыстық істер және адамдарды ұстап беру бойынша құқықтық көмек туралы 1995 жылғы Қазақстан мен Түркия арасындағы келісімге сәйкес, сотталған адамды елге жіберудің нақты мерзімі көрсетілмеген», – деп жауап берді Бас прокуратура.
Соған байланысты Арданды экстрадициялау Түркияның ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады.
Талғат Ардан ісі
Талғат Ардан 2011 жылдың 18 мамырынан 2017 жылдың 26 шілдесіне дейін «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқарған.
Ол қызметтік өкілетін пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған LRT, BRT, ITS, техникалық қадағалау және ASTRA жобаларына бөлінген аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын ысырап еткен. Сол әрекеті үшін 2023 жылы 7 жылға сырттай сотталды.
2024 жылдың қарашасында Арданға жаңа үкім шықты, ол лауазымдық өкілетін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Екі үкімді біріктіру арқылы оған мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті 2025 жылы Ардан Түркияда ұсталғанын мәлімдеді.