
Кәсіпкер Шухрат Ибрагимов I Dynasty яхтасын 240 млн еуроға (шамамен 132 млрд теңге) сатып жатыр. Ұзындығы 100 метрден асатын су көлігі миллиардерге әкесі Алиджан Ибрагимовтен мұраға қалған.
Еуразиялық топтың (ERG) мұрагерлері – Ибрагимовтар әулеті қымбат бағалы яхтаны саудаға шығарды. Бұған алғашқылардың бірі болып «Выход к морю» телеграм-арнасы назар аударды.
I Dynasty-ді саудалау туралы мәлімет әлемдегі ең ірі яхталарды сатып, жалға берумен айналысатын BOAT International Media платформасында жарияланды. Сайт мәліметінше, қымбат бағалы яхта 2015 жылы дайын болған. 70 адамға шақталған су көлігі сағатына шамамен 31,5 км жылдамдықпен жүзеді.
Яхта 2025 жылы ғана арнайы тексеруден өткен. Әдетте кемелерге әр он жыл сайын инспекция жүргізеді.

Яхта бортында бірнеше VIP-каюта бар. Мұнда қонақтар үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, сұлулық салоны, сауна, хаммам, массаж бөлмесі, тренажер залы, ашық және жабық кинотеатрлар қызмет етеді.

Eurasian Resources Group (ERG) тобы 2025 жылы 220 млн доллар (шамамен 111,2 млрд теңге) пайда тапқан. Компанияның 20% үлесі Ибрагимовтер отбасына тиесілі. Ал I Dynasty одан қымбат бағаға – шамамен 132 млрд теңгеге сатылғалы жатыр.
ERG-дің негізін қалаушы үш адамның бірі – Алиджан Ибрагимов 2021 жылғы ақпанда қайтыс болды. Қазір оның ұлы Шухрат Ибрагимов директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүр.
Forbes Kazakhstan Ибрагимовтер әулетінің байлығын 1,67 млрд долларға бағалаған. Олар Қазақстанның тау-кен және металлургия саласындағы алпауыт кәсіпорындарға иелік етеді.