Жаңалықтар

Қазақстанда ым тіліне ресми мәртебе берілуі мүмкін

фото: shutterstock

Қазақстанда ым тілі ресми статус алуы мүмкін. Бүгін Мәжілістің жұмыс тобы бастаманы бірауыздан мақұлдады.

Депутаттар дерегінше, қазір елімізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам өмір сүреді, оның 5 мыңға жуығы – балалар. Олар күнделікті өмірде мемлекеттік қызметтерді алу, оқу, медициналық қызметке жүгіну кезінде түрлі кедергілерге тап болады. Қазақстан саңыраулар қоғамының жетекшісі Сайлаугүл Омарханованың айтуынша, елде ым тілінен аударатын аудармашылар мен бейімделген контент те жетіспейді.

Осыдан кейін Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау мәселені мінберден көтеріп, заң жобасына есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарды қолдауға қатысты түзетулер енгізді. Оны әріптестері де қолдаған.

«Бірақ осы уақытқа дейін ым тілі заңнамалық деңгейде толыққанды бекітілмеген еді… Әрине, бұл соңғы нүкте емес. Бірақ ым тіліне ресми мәртебе беруге бастайтын өте маңызды қадам», – дейді Respublica партиясынан сайланған Екатерина Смолякова.

Бұл мәселені депутаттар осыған дейін де көтерген. Былтыр үкімет мүшелері ым тіліне ресми мәртебе беру үшін халықаралық тәжірибені зерделеп жатқанын айтқан еді. Жалпы Ұлыбритания, Исландия, Австралия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Австрия, Испания, Швеция және Оңтүстік Африка Республикасында ым-ишара тілі ресми мойындалған.