
2026 жылғы 1 шілдеден бастап компания басшыларына, жеке кәсіпкерлерге және жеке тәжірибемен айналысатын адамдарға ірі салық берешегі үшін Қазақстаннан шығуға уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
1 шілдеден бастап Қазақстанда салық берешегін мәжбүрлеп өндірудің жаңа шарасы күшіне енеді. Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа шара Салық кодексінде қарастырылғанын хабарлады. Ол заңды тұлғалардың бірінші басшыларына, құрылымдық бөлімшелердің басшыларына, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға қолданылады. Олардың елден шығуы уақытша шектелуі мүмкін.
Егер салық қарызы 27 000 АЕК-тен (2026 жылы 116 775 000 теңге) асып кетсе және ол 3 айдан бері төленбей тұрса, шетелге шығуға тыйым салынады.
Бұл ретте салық органдары тыйымның автоматты түрде енгізілмейтінін баса айтты.
«Шектеу тек мемлекеттік кірістер органдарының Қазақстанның Азаматтық процестік кодексінде қарастырылған тәртіппен сот санкциялаған қаулысы негізінде ғана енгізіледі», – деп хабарлады МКК.
Ведомство сонымен қатар заңнамада әлеуметтік кепілдіктер қарастырылғанын атап өтті. Егер адамға емделу үшін шетелге шығу қажет болса, растаушы медициналық құжаттар болған жағдайда, уақытша шектеу белгілі бір мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.
Шетелге шығуға қойылған тыйым салық қарызы толық төленгеннен кейін ғана алынып тасталады
Барлық қаулылар электрондық форматта мемлекеттік кірістер органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараттық жүйелері арқылы жолданатын болады.
МКК жаңа норма ірі берешек бойынша салық міндеттемелерін орындаудан жалтарудың алдын алуға және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға бағытталғанын айтты.
Айта кетейік, Салық көдексіне енгізілген өзгеріске сәйкес, енді азаматтар Конституциялық Сотқа жүгінуі кезінде мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылды.