
Қазақстанда шағын кәсіпкерлер де Атом электр станциясы (АЭС) құрылысына үлес қоса алады. Үкімет ірі жобаға жергілікті бизнесті тарту жөнінде кешенді жоспарды бекітті.
Құрылысқа қатысушылар тізімі
Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мәліметінше, АЭС құрылысы үшін отандық өнеркәсіп базасын қалыптастыруды көздейтін құжат 14 мамырда қабылданған.
«Құжат халықаралық қауіпсіздік және сапа талаптарын ескере отырып, қазақстандық кәсіпорындарды атом жобаларына қатысуға кезең-кезеңімен дайындауды көздейді», – делінген агенттік ақпаратында.
Жоспар төрт негізгі бағытты қамтиды:
- нормативтік базаны қалыптастыру;
- отандық нарықтың қажеттіліктері мен әлеуетін талдау;
- өндірістерді жаңғырту және құру;
- процестерді цифрландыруға арналған жеке блок.
Бұған қоса, АЭС салу барысында тауарлар, жұмыстар мен қызметтер ұсынатын тұлғалардың тізімі дайындалады. Ол станция сапасын, қауіпсіздігін және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатын көздейді.
Компаниялар іріктеледі
Жобаға қатысушылар осы тізімде міндетті түрде болуы тиіс. Білікті әрі сенімді компаниялар алдын ала іріктеуден өтеді.
Осы жұмыстар отандық өндірушілерді, оның ішінде шағын және орта бизнесті қолдау үшін жасалып отыр.
Қазақстанда кем дегенде үш АЭС салынады. Жақында төртінші атом станциясы салынуы мүмкін екені мәлім болды. Алғашқысын «Росатом» компаниясы, ал екіншісін Қытай тұрғызатыны анықталған. Екі блоктан тұратын бір ғана станция құрылысына шамамен 15 млрд доллар кетуі мүмкін.