Жаңалықтар

Шымкентте футбол жанкүйерлері билет үшін таңғы 5-тен бастап кезекте тұрды

фото: instagram

Шымкентте футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер ертемен оянып, стадион маңына ағылды. Себебі 28 мамыр күні өтетін жергілікті «Ордабасы» мен алматылық «Қайрат» арасындағы ойынды көру көптің арманына айналды.

Таңғы бестен басталған кезек

Жанкүйерлердің ойынға деген құштарлығы соншалық, касса алдындағы кезек таңғы сағат 05:00-ден бастап құрыла бастады. Әлеуметтік желіде Шымкент шулап, футбол десе дүрлігіп жатқан сәтінен түрлі видеолар мен фотолар тарап жатыр. Өкінішке қарай, стадионға барып, сүйікті командасын тікелей қолдағысы келгендердің көбі билет алып үлгермей қалды.

Билеттер толығымен таусылды

Ресми мәлімметке сүйенсек, «Ордабасы» – «Қайрат» матчының билеттері толығымен сатылып кеткен. Қазіргі уақытта онлайн платформаларда да, стадион кассаларында да бірде-бір билет қалған жоқ.

Клуб басшылығы мен ұйымдастырушылар матчқа келгісі келген жанкүйерлер санының өте көп болғанын, алайда мүмкіндіктің шектеулі екенін алға тартты.

«Өкінішке қарай, Қажымұқан атындағы орталық стадион барлық ниет білдірген көрерменді сыйдыруға мүмкіндік бермейді. Матчқа деген жоғары қызығушылық пен қолдау үшін әрқайсыңызға алғыс айтамыз!» – делінген хабарламада.

Алыпсатарлардан сақтаныңыз

Осындай үлкен ажиотажды пайдаланып, оңай олжаға кенелгісі келетін алыпсатарлардың белсенділігі артатыны белгілі. Осыған байланысты, ұйымдастырушылар жанкүйерлерге маңызды ескерту жасап отыр.

Клуб басшылығы билеттерді үшінші тұлғалардан және бейресми көздерден сатып алмауды сұрайды. Мұндай билеттер жарамсыз болуы мүмкін.

Ресми билеті бар барша жанкүйерлерді тамаша әрі тартысты ойын күтіп тұр. Ал билет үлгере алмай қалған футболсүйер қауым ойынды тікелей трансляцияда көре алады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Дастан Сәтбаевтың «Қайрат» сапындағы соңғы ойыны қашан өтетіні белгілі болған еді.