Жаңалықтар

Тілші Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Ботагөз Омарова Азамат Үсімбеков
Ботагөз Омарова мен Азамат Үсімбеков / Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жалған ақпарат таратты деген күдікпен үйқамағына алынған тілші Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Ulysmedia сайтының бас редакторы Самал Ибраева жазды.

«Ulysmedia жаңа ғана Ботагөзбен байланысты. Ол түнгі сағат екіде оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылғанын растады», – дейді ол.

Оған дейін Самал Ибраева «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС директоры Азамат Үсімбековтан сұхбат алған еді. Ботагөз Омарова дәл осы кәсіпорын қызметкерлеріне қарыз және ақшалай қаражатты төлемей отыр деген материал жариялаған. Дегенмен сұхбатында Үсімбеков тілшіні қамату деген жоспары жоқ екенін айтады.

«Бізде ондай жоспар тұрған жоқ. Барып соттату, отырғызу тағы басқа дегендей. Басты мақсатымыз – ол (Ботагөз Омарова – ред.) әрекетін саналы түрде істегенін мойындаса дейміз. Жай өшіре салмай, иә, мұны білдім деп айтса… Қандай теріс ниеті болғанын білмеймін. Мені біреу жаңылыстырды, міне, мынадай бір адам өтініп еді деп айтсын, болды», – дейді «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС директоры Азамат Үсімбеков.

Сұхбат жарияланып жатқанда Ботагөз Омарова «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС-ға қатысты зерттеуіндегі фактілерді терістеп, жалған ақпарат таратқаны үшін өкініп, кешірім сұраған.

Еске салайық, тілші Ботагөз Омарова наурызда полицияға шақырылып, артынша екі айға үйқамағына жіберілген. Ал екі айдан кейін ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Омароваға қатысты тергеу аяқталып, іс жақында сотқа жолданатынын айтқан.