
Астанада аялақтарға алданып, қапияда қайтыс болған 20 жастағы Айсәуле Қанаханың қазасына қатысты тың мәлімет пайда болды. Марқұмның әкесі Саябек Қанаха қызы өзіне қол жұмсады деген нұсқамен келіспей отыр. Ол құпия өлімге қатысты тың мәліметтерді Facebook-те жариялады.
Басына пакет кигізген
Студент Айсәуле Саябекқызының жансыз денесі 2026 жылғы 1 сәуірде Астанада Есіл өзені жағалауынан табылған.
«Жансыз денесі шалқасынан жатыр, басына күлгін түсті полиэтилен пакет кигізілген. Ол иегінің астынан екі рет әлсіз ғана байланған (яғни пакетте тыныстай алған), ал маңдай тұсында қанаған із қалған. Туыстар да соны растайды, полицияның тексеру хаттасында да солай жазылған», – дейді Саябек Қанаха.
Алайда полиция істі «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы негізінде қозғаған. Марқұмның әкесі онымен келіспейтінін, пакетте тұншығып өлу жастардың суицид амалына жатпайтынын алға тартып отыр.
«Оның үстіне, сот-медицина сараптамасында қызымның басы қанағаны туралы факт жоғалып кетті. Қызымды өзіне қол жұмсады деп келтіру үшін осылай жасаған болуы мүмкін», – деп есептейді Қанаха.
Полиция іске салғырт қарады
Ол жас қыздың қазасына қырық күннен астам уақыт өтсе де, Есіл аудандық полициясының тергеу органдары іске салғырт қарап отырғанын айтты.
«Оқиға орнында қалған аяқ киім іздері алынбаған. Пакетті байлау әдісі анықталмаған. Сол кеште Айсәулені алаяқ тапсырысымен банкоматқа апарған такси кім екені анықталмаған», – деп ренжіді қайғы жамылған әке.
Бұған қоса, ол банкомат камерасындағы видео зерттелмегенін, марқұмның телефоны тексерілмегенін, кибералаяқ кім екенін білу үшін WhatsApp кеңсесіне сауал жолданбағанын айтып отыр.
Саябек Қанаханың айтуынша, алаяқтардың арбауына түсіп қалған жас қыз 1,1 млн теңгеден астам ақша аударған.
Интернет-алаяқ қармағына ілігіп, артынша жұмбақ жағдайда өмірден өткен Айсәуленің қазасы туралы мәлімет баспасөзде енді ғана шыға бастады. Осының алдын қалалық полиция 20 жастағы қыздың өліміне қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.