Қоғам

ҰҚК бельгиялық кәсіпкерге іздеу жариялады

Іздеу жұмыстарын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізіп жатыр / occrp.org бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті бельгиялық кәсіпкер әрі инвестор Фрэнк Джозеф Монстрейді іздеп жатыр. Ақпарат Бас прокуратураның Құқықтық статистика  порталында жарияланған.

Монстрейге іздеу жариялау туралы ақпарат екі күн бұрын шыққан. Іс Астанада тіркелген.

Іздеу жариялауға Ұлттық қауіпсіздік комитеті бастамашы болған. Ал іздестіру жұмыстарын ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр.

Бельгиялық кәсіпкер Ресей мен Қазақстанда жұмыс істеген жылдары мұнай бизнесімен айналыса бастаған. 2004 жылы қаржы секторынан кетіп, өзін толық Nostrum Oil & Gas мұнай-газ компаниясына арнаған. Бұл компания 2013 жылға дейін «Жайықмұнай» деп аталды. Компания 1997 жылы құрылған. Ал Монстрей оны 2004 жылы сатып алып, өзіне тиесілі Claremont Holdings Limited және Claremont Holdings C.V. компаниялары арқылы 2017 жылға дейін ең ірі акционері болды. 2017 жылы кәсіпкер компаниядағы үлесін сатты.

Ал 2018 жылы жаңартылатын энергия саласындағы алғашқы Tenegra компаниясын құрған. Компания ғимараттар, кеңселер, ауруханалар мен әкімшілік нысандар үшін геотермалдық энергиямен айналысады.

Мұхтар Әблязовпен қандай байланысы бар

Kiar.center мәліметінше, 2017 жылы Лондонның Жоғарғы соты Фрэнк Монстреймен байланысты компаниялардың акцияларына қатысты операцияларға шектеу қойған. Бұл шара БТА Банкі бастамашылық еткен сот даулары аясында қабылданған. Іс белгілі қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Әблязовқа және өзге де жауапкерлерге қатысты болған.

2017 жылдың маусымында БТА Банкі мен Claremont Holdings Nostrum компаниясының акциялар пакеті бойынша келісімге келген. Осыдан кейін Монстреймен байланысты құрылым өз үлесін БТА Банкіне берген.

Аталған дереккөздің нұсқасы бойынша, Монстрей шын мәнінде Әблязовтың мүддесін жасырып отырған тұлға болуы мүмкін. БТА Банкі мұны Лондонның Жоғарғы сотында дәлелдей алғаны айтылады. Сондай-ақ Мұхтар Әблязовтың БТА Банкінен миллиардтаған доллар шығарды деп айыпталғаны көрсетілген.

2018 жылы Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) тергеуінде журналистер жалпы көлемі 440 миллион доллар болатын ірі қаржы ағынын анықтаған. Олардың болжамынша, бұл қаражат Фрэнк Монстрей бақылауындағы немесе онымен байланысты компаниялар арқылы өткен. Тергеу барысында ақшаның БТА Банкімен және Мұхтар Әблязовпен байланысы болғаны, сондай-ақ офшорлық компаниялар арқылы жүргізілгені айтылған.

Кейін Лондон соты Монстрейдің Nostrum Oil & Gas компаниясындағы акциялар пакетіне қатысты активтерін бұғаттаған. Осыдан соң кәсіпкер компания басшысы қызметінен кетіп, акцияларын БТА Банкіне сатқан.