
Қытайдың электромобильдері мен гибрид көліктерінің бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұған никель құнының күрт өсуі себеп болып отыр. Әсіресе ұзақ қашықтыққа арналған модельдердің құны айтарлықтай өсуі ықтимал.
Никель бағасы неге өсіп жатыр
Әлемдік нарықта никель бағасы Индонезия қабылдаған бірқатар шешімнен кейін өсе бастады. Бұл ел никель жеткізетін ірі мемлекеттердің бірі саналады. Ал никель көптеген гибрид пен электромобиль батареясының негізгі құрамдас бөлігінің бірі.
Бұл өзгеріс көбіне NMC-аккумуляторлары бар көліктерге әсер етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл құрамында никель, марганец және кобальт бар батареялар. Мұндай аккумуляторлар көбіне жүріс қоры ұзақ әрі қуаты жоғары көліктерге орнатылады.
Салалық дереккөздердің мәліметінше, өткен жылдың соңында Индонезия никель кенін өндіруге берілетін квотаны шамамен үштен бірге қысқартқан. Осыдан кейін металл бағасы күрт өскен.
Кейін ел билігі шикізат бағасын белгілеу жүйесін өзгертіп, енді экспорттық баж салығы мен өндірушілердің артық пайдасына салынатын қосымша салық мәселесін талқылап жатыр.

Қандай көліктер қымбаттауы мүмкін
Сарапшылар никель бағасының өсуі автонарыққа кері әсерін тигізетінін айтады.
«Шикізат қымбаттаса, өндірушілер шығынды өз мойнына алады немесе оны сатып алушыларға жүктейді. Әсіресе бұл қымбат қытайлық модельдерге, соның ішінде үлкен батареялы гибридтер мен электромобильдерге әсер етуі мүмкін. Тәуекел аймағында Li Auto, Nio және XPeng секілді брендтер бар», – деп жазады Autohome.
Автокомпаниялар бағаның өсуін қалай тежемек
Қазір қолжетімді болып тұрған қытайлық электромобильдердің бағасы ұзақ сақталмауы мүмкін.
Дегенмен мұның балама жолы да қарастырылып отыр.
«Егер никель бағасы әрі қарай өсе берсе, автокомпаниялар батареяның басқа түрлеріне, мысалы никель қолданылмайтын LFP-аккумуляторларға жылдам көшуі мүмкін. Мұндай батареялар қазірдің өзінде жаппай шығарылатын модельдерде кеңінен қолданылып жатыр, себебі олардың құны арзанырақ», – дейді автосарапшылар.
Сондықтан мәселе тек көліктердің қымбаттауында емес, ең алдымен қай модельдер өзгерістің әсерін бірінші болып сезінетініне байланысты.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстанда электромобильдердің саудасы төрт есе өсті. Сұраныстың артқанын ескере отырып, сарапшылар сертификаты жоқ көліктер мен қауіпті батареяларды сатып алмауға кеңес берді.